Елімізде бала тәрбиесіне көңіл бөле алмаған жүздеген жан ата-ана құқығынан айырылмақ. Тағы 8 мыңы міндетін орындамайтындар тізіміне ілінді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаеваның айтуынша, өз балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерді орындамайтын 8 мың ата-ана есепке алынған. Соның ішінде 1 057 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылып отыр. Бәрі дерлік 36 920 теңгенің айыппұлын арқалады. Ал 201 факті бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға ата-ана құқығынан айыруға материалдар жіберілген.

"Мысалы, Петропавлда жас ана емханаға шақырылған уақытта баласын алып келмей жүргені туралы педиатрдан хабарлама келіп түсті. Тексеру кезінде жас ананың ішімдік ішкені, нәрестенің шұғыл көмекке мұқтаж екені белгілі болды. Полиция баланы нәрестелер үйіне орналастырып, ал анасын нарколог дәрігердің есебіне қойды және әкімшілік жауапкершілікке тартты", - деді спикер. 

Оның айтуынша, сот шешімімен алкоголизммен ауыратын 206 адам наркологиялық ұйымдарға мәжбүрлеп емдеуге жатқызылған. Ал қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 557 агрессор және мінез-құлыққа қойылған ерекше талаптарды орындамағаны үшін 531 құқық бұзушы қамауға алынды.