68 жасқа қараған шағында журналист, қаламгер, қоғам қайраткері Мейрамбек Төлепберген өмірден өтті. Мейрамбек Мылтықбайұлы Төлепберген көп жыл баспасөз бен телевизия саласында, мемлекеттік қызметте және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде қызмет атқарды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы JAMBYL телеарнасы Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап.
Мейрамбек Мылтықбайұлы 1957 жылы 13 мамырда Сарысу ауданы, Тоғызкент ауылында дүниеге келген.
Еңбек жолын құрылысшы болып бастаған. Алматы облысы «Жетісу» газетінде әдеби тілші, бөлім меңгерушісі болып қызметтер атқарды. Журналистика саласында өз қолтаңбасын әуелі спорт тақырыбында қалдырып танылған ол, Орта Азия және Қазақстан спорт журналистерінің халықаралық байқауында (1989) бас жүлдеге ие болды. 2012-2017 жылдары «Қазақстан» телерадиокорпорациясына қарасты аймақтық «JAMBYL» телеарнасын басқарды.
Журналистік ресми сапармен оннан астам шет елдерде болып, арнайы репортаждар мен жолжазбалар жазды. «Сағасында Таластың бір ауыл бар» (1995), «Қаһарман Бақтыораз» (2000), «Ақиқат алдында» (2002), «Ұлбике» (2002), «Шоқыр» (2003) деген кітаптардың авторы. Сегіз жинаққа таңдаулы очерктері енген.
Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен (1999), Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен (2000), «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығы» медалімен марапатталған. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері (1989), сондай-ақ, Алматы облысының «Балқаш ауданының құрметті азаматы» атағына ие болған.