Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ конференциясы аясында Дубайда өтіп жатқан Дүниежүзілік климаттық саммиттің ашылу рәсіміне қатысу үшін Dubai Expo City көрме орталығына келді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Бұл туралы Ақорда жазды. Ондағы дерекке сүйенсек, Мемлекет басшысын БАӘ Президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян мен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш қарсы алған. Саммит аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пленарлық отырыста сөз сөйлеп, мемлекеттер және бизнес құрылымдарының басшыларымен бірқатар кездесу өткізеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дубайда өтіп жатқан Климат жөніндегі дүниежүзілік саммиттің (СОР28) ашылуына дейін бірқатар мемлекет басшыларымен және басқа да жиынға қатысушы тұлғалармен әңгімелесіп, пікір алмасты. Сонымен қатар, Еуроодақ Президенті Шарль Мишель, Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрі Тони Блэр, Мажарстан Президенті Каталин Новак және АҚШ Президентінің климат жөніндегі арнайы өкілі Джон Керримен әңгімелесті.
Қазақстан Президенті орталықта Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни және Словения Президенті Наташа Пирц-Мусармен, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және Андорра Премьер-министрі Ксавьер Эспот Саморамен пікір алмасты.