Соңғы күндері такси жүргізушілерінің қолма-қол ақша талап етуі мәселесі жиі айтыла бастады. Осы орайда Алматы қаласының Мемлекеттік кірістер комитеті өзекті жайтқа жауап берді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматының Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері өзекті мәселелерге жауап берді. Ол қатарда такси қызметкерлерінің төлемді аударыммен қабылдаудан бас тартып, қолма-қол ақша талап еткен мәселесі де бар. Департаменттің түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы Айжан Бекеева мұндай әрекеттер заңсыз екенін алға тартты. 

«Егер адам такси қызметін көрсетсе, онда ол тиісінше жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Сіз такси агрегаторлары арқылы, арнайы қосымшаларда тіркеле аласыз. Оның өз пайыздары бар. Сіз e-Salyq Business немесе Яндекс таксиде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, басқа әлеуметтік төлемдермен бірге ай сайын 1 пайыз төлей аласыз. Қазір салық міндеттемелерін орындау жеңілдетілді. Есеп беруді тапсыру да жеңілдетілген. QR-кодтарды орналастыру да қиындық туғызбайды. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылады. Біз бұған дейін айтқанымыздай, салық режимдерін қолданудың арнайы түрлері бар. Такси жүргізушілері үшін салық жүктемесінің пайызы небәрі 1 пайыз болатын режим өте ыңғайлы. Яғни, адам бір ай бойы такси болып жүріп, 100 мың теңге тапса, оның 1 пайыз салығы – 1000 теңге. Оған қоса оның әлеуметтік төлемдері. Сонымен, бұл қосымша не үшін ыңғайлы? Кассалық машина қазірдің өзінде орнатылған. Ай сайынғы қызметті сатып алу, төлеу қажеттілігі жоғалады. Яғни, ол такси қызметін көрсете алады, чекті электронды форматта жазып, оны клиентке жібере алады», – деп атап өтті ол. 

Сонымен қатар, мамандар қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері болған жағдайда Мемлекеттік кіріс органдарына хабарлау қажет екенін еске салды.