Шетелдегі қазақстандықтарға төлқұжат дайындау уақыты екі есе қысқарады. Сыртқы істер министрлігі "Open NPA" порталында бұйрық жобасын жариялады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Спутниктің жазуынша, құжатта шетелде тұратын азаматтардың төлқұжаттарын өңдеу мерзімі 90 жұмыс күнінен 40 жұмыс күніне дейін қысқартылатыны айтылған.
"Бұйрық жобасының мақсаты – "Шетелде тұратын Қазақстан азаматтарының төлқұжатын дайындау үшін құжаттарды қабылдау және оларды жіберу" мемлекеттік қызметін көрсету мерзімін қысқарту. Бұйрық жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды және ұлттық қауіпсіздікке әсер етпейді", - делінген бұйрықта.
Цифрлық кодекстің қабылдануына байланысты редакциялық түзетулер енгізіліп жатыр. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 3 932 теңгеден 4 325 теңгеге дейін ұлғаюына байланысты құжаттар құны өсті.
Стандартты 36 беттік төлқұжат 8 АЕК немесе 34 600 теңге тұрады. 48 беттен тұратын кеңейтілген құжат 12 АЕК, яғни 51 900 теңге тұрады. Балалардың 24 беттік төлқұжаты 4 АЕК, яғни 17 300 теңге.
