Елімізде енді жолаушылар пойыз күтпей-ақ, вагоннан вагонға ауысу қызметі арқылы билет сатып ала алады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Жаңа бастама неміс мамандарымен бірлесіп іске қосылды. Оған сәйкес, пойызбен белгілі бір жерге апаратын билет болмаса, вагоннан вагонға ауысып жетуге болады.

Қызметті пайдалану тәртібі:

Жолаушы bilet.railways.kz сайтына кіреді;

Бағыт пен сапар күнін таңдайды;

Тікелей билет болмаған жағдайда, жүйе автоматты түрде "пойыз+пойыз" немесе "вагон+вагон" ауысу қызметтерін ұсынады;

Балама нұсқаларды қарау үшін "Вагоннан вагонға ауысу" бөлімін таңдау қажет;

Ұсынылған нұсқалардың ішінен бір пойыз аясындағы қолайлы билет нұсқасын таңдайды.

Билетті рәсімдеу үшін жолаушы қажетті жеке ақпаратты толтырады.

"Мәселен, жолаушы 28 желтоқсан күні "Астана-Алматы" бағытына билет сатып алуды жоспарлайды. Алайда бұл бағытта орын болмаған жағдайда жолаушы әуелі "Астана-Ағадыр" бағытына билет сатып алып, кейін "Ағадыр-Алматы" бағытына сол пойыздың басқа вагонынан билет рәсімдей алады", - дейді мамандар.

"Вагоннан вагонға ауысу" қызметі жолаушыға бір пойызда орын ауыстырып, екі бөлек билет арқылы баратын жерге жетуге мүмкіндік береді.