Елімізде енді несиеге өтініш бірден қабылданбайды. 24 сағаттық "шешім қабылдау" кезеңі енгізілмек, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова айтты. Сондай-ақ, агенттік басшысы қандай кредиттер бірден берілмейтінін де жіпке тізіп берді. Сөзінше, енді 600 мың мен 1 млн теңге аралығындағы кредиттер бойынша 8 сағаттық "шешім қабылдау кезеңі" болады.
Президент қол қойған заңға сәйкес, тұтынушылық кепілсіз онлайн-кредиттерді рәсімдеу кезінде "шешім қабылдау кезеңі" енгізіледі. Негізгі мақсат - халықты алаяқтардан қорғау және дұрыс шешім қабылдауға уақыт беру.
 
"Енді, 255 АЕК-тен, яғни, 1 млн теңгеден асатын барлық кредит бойынша 24 сағаттық "шешім қабылдау кезеңі" енгізіледі. Банк осы уақыттың ішінде алаяқтардың бар-жоғын, кридеттің қандай мақсатта ресімделіп жатқанын және тағы басқа қауіп-қатерлерді тексеруге міндетті. Өтініш берген адам да ойланып, кредит алудан бас тарта алады", - деді Әбілқасымова журналистерге берген сұхбатында.
Ал 150-250 АЕК, яғни, 600 мың мен 1 млн теңге аралығындағы кредиттер бойынша 8 сағаттық "шешім қабылдау кезеңі" болады.
 
"Бұрын кредиттер бірнеше минуттың ішінде ресімделетін. Енді олай болмайды", - деп қорытындылады сөзін Әбілқасымова.