Елімізде соңғы бір жылда жұмыссыздар саны айтарлықтай өскен. Мұндай деректі Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің жұмыспен қамту органы жариялады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Спутниктің жазуынша, ЕАЭО елдерінің ішінде Қазақстан ғана жұмыссыздық көрсеткішінің төмен бағытын көрсеткен. Яғни, соңғы бір жылда айтарлықтай өскен. Мысалға 2022 жылы республиканың жұмыспен қамту қызметінде 132,3 мың адам есепте тұрса, бір жылдан кейін 168,9 мың адамға жеткен. Бұл елдегі еңбекке жарамды халықтың 1,8 пайызын құрайды.

Десе де өзге ЕАЭО елдерінде бұл көрсеткіш керісінше. Жұмыссыздар саны азайған. Бір ғана Арменияда жұмыссыздар саны 2022 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың желтоқсанына дейін 2,6 мыңға азайып, 46 мың адамды құраған.

Ал Ресейде 2022 жылдың аяғында 564,1 мың жұмыссыз тіркелген болса, бір жылдан кейін 424 мың немесе жұмыс істейтін халықтың 0,6%-ына қысқарып отыр. Қырғызстанда да бұл көрсеткіш төмендеу, 0,3%-ды құрады – 74,7-ден 67,6 мың адамға азайды.