Елімізде кедейлер саны артып келеді. Бір жылдың өзінде бұл көрсеткіш 14,5 пайызға өскен. Олардың ең көбі Қарағанды облысы, Шымкент, Жетісу облысында тұрады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.

Бұл туралы Спутник жазды. Ондағы дерекке сүйенсек, Қазақстанда бірінші тоқсанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар 160,4 мың отбасы анықталған.

Ең кедей отбасылар әсіресе Түркістан облысында тұрады — 21,9 мың, бұл өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 6,8%-ке артық. Екінші және үшінші орындарда Алматы және Жамбыл облыстары тұр. Ал ең кедей отбасы аз облыстар - Ұлытау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары.

Айта кету керек, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де төмен тұрғындардан басқа, Қазақстанда 3 мың отбасының табысы азық -түлік себетінің құнынан да аз болып шықты. Олардың саны бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 14,5%-ке көбейіп кеткен.

Мұндай кедей отбасыларда тұратын азаматтардың саны 7,7%-ке өсіп, 16,4 мың адамға жетті. Олардың ең көбі Қарағанды облысы, Шымкент, Жетісу облысында тұрады. Бұл өңірлерден басқа, табысы азық-түлік себетінің құнынан төмен отбасылар Ақмола, Абай және Ұлытау облыстарында да тұрады.

Айта кетейік, ең кедей жандар адам саны көп отбасылардан анықталған.