Еліміздегі ақылы жолдар қатары толықты. Көлік министрі тағы бір республикалық маңызы бар жолда ақылы жүйені енгізу туралы бұйрыққа қол қойды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Спутниктің жазуынша, бұйрық 26 қаңтардан бастап күшіне енеді. Осылайша "Ресей Федерациясы шекарасы (Самара) - Шымкент" тас жолының бойындағы "Қызылорда-Арал" учаскесі ақылы болмақ. Ал ақша төлегісі келмейтін көлік жүргізушілер үшін мынадай баламалы жолдар қарастырылған:
"Қызылорда - Павлодар - Успенка - Ресей Федерациясы шекарасы" республикалық маңызы бар автожолының "Қызылорда - Жезқазған" учаскесі;
"Жезқазған - Петропавловск" республикалық маңызы бар автожолының "Жезқазған - Арқалық" учаскесі;
"Арқалық - Торғай" облыстық маңызы бар автожолы;
"Торғай - Шеген - Ақшығанақ - Дүкен - Ырғыз" аудандық маңызы бар автожолы;
"Ресей Федерациясы шекарасы (Самараға) - Шымкент" республикалық маңызы бар автожолының "Ырғыз - Арал" учаскесі; Жаңадан іске қосылатын ақылы жол II санатқа жатады.
Екі бағытта бір жолақтан қарастырылған. Әрбір жолақтың ені - кемінде 3,75 метр. Ақылы жолдың ұзақтығы - 454 км 850 метр. Ал жол учаскесін ақылы негізде пайдалану мерзімі 20 жылды құрайды.