Елдегі туристік аймақтардың тізімі кеңейеді. Осылайша министрлік оның санын арттыруды көздеп отыр, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Өткен жылдың қорытындысы бойынша 131 миллиард теңгеге 33 жоба жүзеге асырылған. Енді туристік аймақтардың тізімі ТОП-20-ға дейін кеңейтілмек. Бұл туралы Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев айтты.

"Биыл басым туристік аймақтардың тізімі ТОП-20-ға дейін кеңейтілді. Осылайша, барлық аймақта өсудің ең перспективалы орындары анықталды. Әр дестинацияда басым туристік аймақтар құру жоспарланып отыр. Министрлік туризмде инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуына тұрақты негізде мониторинг жүргізеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 131 млрд теңгеге 33 жоба жүзеге асырылды", - деді ол.

Оның атап өтуінше, 2023 жылы Маңғыстау облысының "Жылы жағажайына" инфрақұрылымды жеткізу бойынша бірқатар жобалар аяқталды. Биыл Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында үш әуежай терминалының құрылысын аяқтау жоспарланған.