Елдегі халық саны бір жылда 250 мыңға өсті. Осылайша соңғы дерек бойынша Қазақстандағы халық 20 286 084 адам болған, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.

Бұл туралы ақпаратты Ұлттық статистика бюросы жариялады. Мәліметке сүйенсек, халық бөлінісі былайша тізімделген:

қала тұрғындары – 12 774 743

ауыл тұрғындары – 7 511 341

Жалпы былтырғы жыл басынан бері халық саны 252 242 адамға өсіп отыр. Оның ішінде табиғи өсім есебінен - 235 078 адамға, көші-қон есебінен 17 164 адамға.

Халық санының ең жоғары өсу қарқыны Астана мен Алматы қалаларында, тиісінше 6,91% бен 2,86%, сондай-ақ Шымкент қаласында тіркелді – 2,80%.

Республикалық маңызы бар қалалардан басқа, бір миллионнан астам халқы бар облыстар – Түркістан (2,1 млн), Алматы (1,5 млн), Жамбыл (1,2 млн) және Қарағанды (1,1 млн).