Елімізде ет өнімдерін тұтынатын аймақтарға зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде қай өңір көбірек тұтынатыны анықталған, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Еліміздегі қай өңірдің тұрғындары ет өнімдерін жақсы көреді, ал қай аймақ етке құмар емес. Спутниктің дерегіне сүйенсек, Қазақстанда етті ең көп жейтіндер – маңғыстаулықтар екен. Қаңтар-маусым айларында орта есеппен әрбір тұрғын 49,1 келі ет өнімдерін тұтынған. Маңғыстаулықтар Шымкент тұрғындарына қарағанда ет өнімдерін 65%-ке көп тұтынады.
Екінші және үшінші орында Жамбыл мен Атырау облысы тұр. Етті ең аз тұтынатындар – Шымкент пен Түркістан облысының тұрғындары болып шықты.
Жалпы, биыл қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанда 315,8 мың тонна ет және тағамдық қосалқы өнімдер өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7%-ке артық. Жаңа піскен немесе мұздатылған құс өнімі 107,2 мың тонна болды.
Десе де, Қазақстан ет жегенді жақсы көретін басқа елдермен салыстырғанда едәуір артта қалып отыр. World Population Review мәліметінше, етті ең жақсы көретін ел – Тонго.
Бұл елде әр адам жылына орта есеппен 147,7 кг ет өнімдерін тұтынады екен.
Одан кейін Моңғолия (137,8 кг), Сент-Винсент және Гренадиндер (124,4 кг) және АҚШ (122,8 кг).
Ал Бурунди тұрғындары етті ең аз жейтін ел, мұнда жан басына шаққанда жылына орта есеппен 3,7 кг ғана ет желінеді.