Елімізде қай салаға жұмысшы қолы жетіспейтіні белгілі болды. Мұндай мәліметті Enbek.kz электрондық еңбек биржасы жариялады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Спутниктің жазуынша, 2025 жылдың мамыр айында Enbek.kz электрондық еңбек биржасында 86 мың бос жұмыс орны мен 110 мың түйіндеме орналастырылған. Алдыңғы аймен салыстырғанда олардың саны сәйкесінше 11,8% және 4,3%-ға азайды.
Кадрға ең жоғары қажеттілікті дәстүрлі түрде білім беру (15 мыңнан астам бос жұмыс орны), қызмет көрсетудің басқа түрлері (10,7 мың) және құрылыс (8,5 мың) салалары көрсетті.
Жұмыс берушілердің ең жоғары белсенділігі Астана қаласында (барлық бос жұмыс орындарының 11,5%-ы), Түркістан (7,5%) және Павлодар (7,1%) облыстарында тіркелді.
Жұмыс іздеушілер белсенділігінің төмендеуі Алматы қаласында (-28%) байқалды, басқа өңірлердің көпшілігінде төмендеу көрсеткіші 15%-дан аспады.
Сұранысқа ие мамандықтардың ішінде тәртіп сақшыларына (1,8 мың бос орын), медбикелер (1,7 мың) мен жүргізушілерге (1,5 мың) сұраныс сақталды.
Жалақы бойынша ең көп ұсыныстар тау-кен өнеркәсібіндегі басшының орынбасары (орта есеппен 788 мың теңгеден), бас құрылысшы (662 мыңнан) және бұрғылаушы-инженер (605 мыңнан) лауазымдарына тіркелді.
Жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақы күтетін ұшқыш (орта есеппен 2,3 млн теңгеден), IT жобаларды әзірлеу бөлімінің басшысы (1,2 млн теңге), өндіруші саладағы участке басшысы (1,1 млн теңге) лауазымдарына үміткерлер тіркелді.