Соңғы күндері коронавирус індетінің қайта күш алуы әлемді алаңдатып отыр. Осы орайда денсаулық сақтау министрлігі елімізде бетперде тағу мәселесіне жауап берді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Министр Ажар Ғинаяттың айтуынша, елде індетті жұқтыру жағдайға бақылауда. Көбіне бұл вирустың шырмауына қарттар түсіп жатқан көрінеді. Одан бөлек созылмалы ауруы бар науқастар, әсіресе тыныс алу және жүрек-қан тамырлары дертіне шалдыққандарға да оңайға соқпайтың көрінеді.
"Біз маска тағуды ұсынамыз. ЖРВИ маусымы қалай басталады, яғни қазан-мамыр айлары аралығында бас санитарлық дәрігердің қаулысымен маска кию ұсынылады. Сонымен қатар медициналық ұйымдарда да маска режимі енгізіледі. Маскаға қатысты тағы бір нақтылағым келеді, біз тек ұсынамыз", - дейді министр.
Сондай-ақ, ол осы орайда жоғарыдағы азаматтарға ревакцинациядан өтуді ұсынды. Әрі өткен жылы 350 мың азамат COVID-19 инфекциясына қарсы екпе алғанын да айта кетті.
Еске салайық, бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 вирусының қайта күш алғанын мәлімдеп, халықты бетперде киюге шақырғанын жазған едік.