Елімізде 2026 жылдан бастап жеке куәлік пен туу туралы куәлікті алу тегін болмақ. Мұндай ақпаратты Спутник жазды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Мәліметке сүйенсек, көптеген мемлекеттік қызмет пен алымның бағасы АЕК-ке байланысты болғандықтан, құжаттарды ресімдеу 10%-ға өседі. Яғни, 2026 жылы жеке куәлікті растайтын құжаттардың құны өзгереді.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4325 теңгеге дейін өседі. 2025 жылы АЕК 3932 теңгені құрады. Көптеген мемлекеттік қызмет пен алымның бағасы АЕК-ке байланысты болғандықтан, құжаттарды ресімдеу 10%-ға өседі.
Мысалы, төлқұжат ересек адам үшін 8 АЕК немесе 34 600 теңге тұрады. Балалар үшін 4 АЕК немесе 17 300 теңге тұрады.
Сонымен қатар, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан азаматтары жеке куәлікті тегін ала алады. Бұл қағида жеке куәлікті бірінші рет алатын және мерзімі аяқталғаннан кейін жаңартатын азаматтар үшін жарамды.
"Бірінші рет берілетін жеке куәлік тегін болады. Сонымен қатар, жеке куәліктің мерзімі аяқталғаннан кейін оны ауыстырған кезде де мемлекеттік алымсыз беріледі", - деді көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов.
Жалпы, жеке куәліктің құны 0,2 АЕК немесе 865 теңге болады.
Ал туу туралы куәліктер 1 қаңтардан бастап Қазақстан азаматтары үшін тегін болады.
