Қазақстанның мемлекеттік борышы биыл 37,8 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Ұлттық экономика министрілігі Қазақстанның 2026-2028 жылдардағы даму болжамын жариялады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

"2026–2028 жылдар аралығында әлеуметтік және инфрақұрылымдық шығыстарды қаржыландыру, сондай-ақ инфляциялық қысымды тежеу қажеттілігімен байланысты мемлекеттік борыштық міндеттемелердің біртіндеп өсуі болжанады. Сонымен қатар, бюджеттік реттеу және салық саясаты саласындағы реформалар қарыздың ұлғаю қарқынын бақылауға мүмкіндік береді, оның серпінін рұқсат етілген макроэкономикалық бағдарлар шегінде сақтайды", — деп жазылған болжамда.

Құжатта 2026-2028 жылдарға арналған үкіметтік борыш пен жергілікті атқарушы органдардың борышынан тұратын мемлекеттік борыш параметрлері былай болатыны болжанған:

— 2026 жылы 46 трлн 477 млрд теңге немесе ЖІӨ-ге 25,3%;
— 2027 жылы 52 трлн 520 млрд теңге немесе ЖІӨ-ге 25,5%;
— 2028 жылы 57 трлн 515 млрд теңге немесе ЖІӨ-ге 25%.

Оның ішінде Үкіметтік борыш 2028 жылы 44 трлн 956 млрд теңге, жергілікті әкімдіктердің борышы 12 трлн 559 млрд теңге, квазимемлекеттік сектор борышы 47 трлн 108 млрд теңге болатыны айтылған.

Ал елдің жалпы ішкі өнімі 2025 жылы 161 трлн 860,5 млрд теңге, 2026 жылы 183 трлн 788,2 млрд теңге, 2027 жылы 206 трлн 62,3 млрд теңге, 2028 жылы 229 трлн 797,7 млрд теңге болатыны айтылған. Болжамда Brent маркалы мұнайдың бағасы 2026-28 жылдары барреліне 60 доллар болады деген есеп алынған.

Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, Қазақстанның мемлекеттік борышы былтыр 31,8 трлн теңге көлемінде болса, биыл 37,8 трлн теңгеге жетуі мүмкін.