Атажұртын аңсап, елге қайтқан қандастардың басым бөлігі қандай мемлекеттерден келіп жатқаны белгілі болды. Мәліметті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жариялады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Ведомства дерегіне сүйенсек, 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 140,7 мың этникалық қазақ оралған екен. Ал биылдың өзінде 12 325 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алып отыр.
«Жалпы, жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың 45,6%-ы Қытайдан, 39,2% – Өзбекстаннан, 5,5% – Түрікменстаннан, 5,4% – Моңғолиядан, 3,1% – Ресейден және 1,2% басқа елдерден",- делінген ақпаратта.
1 қыркүйектегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 58,2%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 32,4%-ды және зейнеткерлер 9,4%-ды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,8%-ы жоғары білімді, 24,2%-ы орта кәсіби білімді, 54,1%-ы жалпы орта білімді, және 3,6% -ының білімі жоқ.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Соным бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды. Ол: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.