Қытайдың Ханчжоу қаласында Азия ойындарының жабылу салтанаты өтті. 45 елдің спортшылары бақ сынаған додада ел құрамасы 11 орынға тұрақтады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Дүбірлі додаға 45 елден 12 500-ден астам спортшы келді. Ханчжоудағы Азия ойындары 1990 жылғы Бейжің мен 2010 жылғы Гуанчжоудан кейінгі Қытайда өткен үшінші Азия ойындары ретінде ерекшеленді.
Биыл еліміздің атынан Ханчжоу қаласында 30 спорт түрінен 524 қазақстандық бақ сынады. Отандық спортшылар қоржынында 80 медаль (10 алтын, 22 күміс, 48 қола) жиналды. Осылайша, қорытынды медальдық есепте Қазақстан 11-ші орынға жайғасты.
Ел спортшылар биыл сегізінші мәрте Азия ойындарына қатысып отыр. Енді Азия ойындары 2026 жылы 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Нагоя қаласында өткізіледі.