Елімізде құрбан айт қарсаңында онлайн платформа іске қосылды. Сайт онлайн құрбан шалу рәсімін өткізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Бұл туралы alataunews.kz сайты жазды. Онда дерекке сүйенсек, qurban2024.kz сайтын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы іске қосқан. 

Сайт қызметін Төралқа мәжілісінде ҚМДБ Цифрлық даму бөлімінің меңгерушісі Тимур Серікханұлы таныстырды. 

"Мұсылман қауымының қасиетті айт мерекесіне орай барша қазақ елін Құрбан айт күні жүзеге асатын қайырымдылық акциясына үлес қосуға шақырамыз. Халыққа, әсіресе үлкен қалаларда тұратын жамағатқа оңтайлы болу үшін биыл да құрбан шалу офлайн және онлайн форматта жүзеге асады", - деді ол. 

Айта кетейік, онлайн түрде құрбан шалам деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, Kaspi QR арқылы қажетті қаражатты аудара алады. Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе 7 адам бірігіп шалса болады. Тапсырыс сәтті өтсе ұялы телефоныңызға смс хабарлама келеді. Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс беруші көрсеткен нөмірге жіберілмек.