2024 - тарихтағы ең ыстық жыл болмақ. Ғалымдар тіпті аптап барлық рекордты бұзу мүмкін екенін алға тартуда, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Закон.кз-тің жазуынша, 2023 жыл тарихтағы ең ыстық жыл болған. Десе де биыл бұл рекорд бұзылуы мүмкін.
"Температураның жоғарылауы Эль-Ниньо құбылысымен байланысты болады. Бұл экваторлық Тынық мұхитындағы судың беткі қабатының температурасының ауытқуымен байланысты жылыну", - дейді ғалымдар.
2023 жылы Эль-Ниньо зардаптарының бірі Орталық Америкадағы құрғақ ауа райы болды, бұл Панама каналын, Гатунды қоректендіретін негізгі көлдің құрғауына әкелген. Соның салдарынан арнадағы судың деңгейі төмендеп, өткізу қабілеті айтарлықтай төмендепті.
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым жетекшісі Петтери Таалас 2024 жыл бұрынғыдан да "жылырақ" болатынын, әрі құрғақшылық немесе су тасқыны сияқты төтенше оқиғалардың көбейетінін де болжап отыр.
Дүние жүзіндегі температураның бұлайша көтерілуі ғалымдардың бірнеше жылдар бойы ескертіп келе жатқан қайтымсыз климаттық өзгерістерге қауіпті түрде жақындатады. Одан әрі жылыну - дауыл, құрғақшылық, су тасқыны және орман өрттері сияқты экстремалды ауа райы оқиғаларына әкелмек.