Премьер-министр Олжас Бектенов республикалық бюджетке ревизия жүргізуді тапсырды. Тіпті бұл жұмыстарға 10 күн ғана уақыт берген, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Үкіметтің баспасөз қызметі дерегіне сүйенсек, бұл жұмыстар ақшаны орынсыз шашпау мақсатында жүргізілмек. Үкімет жиынында Олжас Бектенов бюджет шығыстары толығымен экономикалық табыс әкелуге бағытталып, өнімсіз шығыстар толығымен жойылуы керегін атап өткен. 

"Қаржы министрлігі 10 күн ішінде республикалық бюджетке және бір ай ішінде жергілікті бюджеттердің барлығына ревизия жүргізіп, аса маңызы жоқ шығыстарды айтарлықтай қысқартуы тиіс. Ешкім де ақшаны орынсыз шашпауы керек", — деді Олжас Бектенов.

Cонымен қатар Үкімет басшысы Салық кодексінің жобасын қайта жазып, оның философиясын өзгерту қажеттігін де атап өтті. Әрі құжатты дайындау кезінде әкімшілендіруді толық цифрландырып, салық жеңілдіктерін беру мәселесін реттеуді тапсырды.