Ғылым және жоғары білім министрінің 2025 жылғы 1 сәуірдегі бұйрығымен Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) өткізу қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы, ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

"ҰБТ қағаз немесе электрондық форматта Ұлттық тестілеу орталығы арқылы немесе жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының базасында, не болмаса Ұлттық тестілеу орталығы айқындайтын ұйымдарда өткізіледі. ҰБТ-ға қатысуға өтініш (қағаз және электрондық форматта) Ұлттық тестілеу орталығының www.testcenter.kz сайтында онлайн режимде қабылданады", — делінген құжатта.

Министрдің бұйрығына сәйкес, негізгі өзгерістер мүгедектігі бар мектеп бітірушілердің ҰБТ-ға қатысу тәртібіне қатысты. 

Сондай-ақ құжатта келесі мәселелер атап өтіледі:

  • Шетел тілін (ағылшын тілін) меңгеру деңгейін жалпы еуропалық шетел тілін меңгеру құзыреттеріне (стандарттарына) сәйкес растайтын халықаралық сертификаттары бар тұлғалар өз қалауы бойынша ағылшын тілі бойынша бейіндік пәннен немесе «Шетел тілі» (ағылшын) арнайы пәнінен босатылады;
  • TOEFL ITP, TOEFL IBT, IELTS секілді ағылшын тілін меңгеру бойынша халықаралық сертификаттары бар тұлғалар ҰБТ-ға немесе конкурсқа қатысу үшін өтініш берген кезде сертификат мәліметтерін көрсетуі тиіс;
  • SAT, ACT, IB, A-Level, TOEFL ITP, TOEFL IBT, IELTS сияқты халықаралық стандартталған тест сертификаттары бар тұлғалар ҰБТ-ға өтініш беру деректер базасына мәліметтерді енгізіп, сертификат көшірмесін жүктеуі қажет.
  • ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген, алайда тестілеуге қатыспаған талапкерлерге, тест өткізу күндері бос орын болған жағдайда, сол кезеңнің ішінде бір күнге тестілеуге қатысу мүмкіндігі беріледі. Бұл мүмкіндік келесі дәлелді себептер болған жағдайда қарастырылады:
  • денсаулығына байланысты, тестілеу күнімен сәйкес келетін № 026/у нысанындағы дәрігерлік-консультациялық комиссия қорытындысы немесе амбулаториялық картадан үзінді жазба/ауру тарихынан анықтама болған жағдайда;
  • «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 1-бабы 13) тармақшасында көрсетілген жақын туыстарының қайтыс болуын растайтын құжаттар болған жағдайда;
  • республикалық және халықаралық олимпиадаларға, ғылыми жобалар байқауларына (ғылыми жарыстарға), орындаушылар байқауларына, кәсіби шеберлік байқауларына және спорттық жарыстарға қатысқан жағдайда (жаңа норма);
  • төтенше жағдайлар болғанда.

Сонымен қатар:

— ҰБТ қағаз форматында тапсыратын талапкер құжаттарды қоса тіркеп, мемлекеттік комиссия төрағасының атына ҰБТ-ны қайта тапсыруға өтініш береді;

— ҰБТ электрондық форматында тапсыратын талапкер құжаттарды қоса тіркеп, Ұлттық тестілеу орталығы директорының атына ҰБТ-ны қайта тапсыруға өтініш береді.