Елімізде 1 қаңтардан бастап “Ұлттық қор - балаларға” жобасы ресми түрде іске қосылды. Енді осы айдың 15-не дейін тізім жасалынбақ, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Жоба аясында ел азаматы саналатын әр балаға жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы есептеліп бөлінеді. Әрі ол сома әр бала есепшотына теңдей аударылып отырады. Тек 18 жасқа толған кезде ғана жинақ қаражатын өз мақсатына пайдалануға болады.
Закон.кз-тің жазуынша, бағдарламаны жүзеге асыру мынадай кезеңдерден тұрады. Яғни 2023 жылдың қазан айында БЖЗҚ Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық кірісі туралы ақпарат алған.
2024 жылғы 15 қаңтар
БЖЗҚ 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша "Жеке тұлғалар" мемлекеттік деректер базасынан алынған ақпарат негізінде нысаналы талаптарға қатысушылардың электрондық тізімін қалыптастырады.
2024 жылдың 1 ақпанынан кешіктірмей
БЖЗҚ 2023 жылғы есепті жылға бір балаға шаққандағы мақсатты талаптардың сомасын есептеп, ақпараттық жүйеге енгізеді.
2024 жылдың 1 ақпанынан бастап
БЖЗҚ 2024 жылы 18 жасқа толған және толатын мақсатты жинақтарды алушылар үшін нысаналы жинақ шоттарын ашады.
Ақшаны тұрғын үй жағдайын жақсартуға (Қазақстан Республикасында жылжымайтын мүлікті сатып алуға болады) немесе білім алуға (Қазақстан Республикасында да, одан тыс жерлерде де) пайдалануға болатынын айта кеткен жөн.
Десе де балалар есепшотына бірдей қаржы жиналмайды. Жас ерекшелігі мен бағдарлама іске қосылған мерзімге байланысты әртүрлі болмақ. Яғни, болжам бойынша, 2024 жылы 18 жасқа толған балалар бағдарлама аясында шамамен $160 ала алады. Сол секілді өзге балаларға да жас ерекшелігіне қарай 18-ге толғанда белгілі мөлшерде қаражат түседі. Ал 2023 жылы туылғандар есепшотына кәмелеттік жасқа толғанда шамамен 3,5-4 мың доллар жиналады.