Ұлттық банк номиналы 5000 теңгелік банкнотаның жаңа дизайнын айналымға шығарды. Ақшаға “Сақ стилі” бейнелеген, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.

Ұлттық Банк жаңа дизайнда шыққан номиналы 5 000 теңгелік банкноталарды 2023 жылы 25 желтоқсанда айналымға шығарған. Қаржы институтының мәліметінше, «Сақ стилі» жаңа сериясының алғашқы банкнотасы. Ол қазақы ою-өрнектің бастау негізі саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилі» элементтеріне негізделген.

Сонымен қатар, Ұлттық банк шынайы банкноталарды жалған ақшадан өз бетінше ажыратуға көмектесетін қарапайым ережелер бар екенін де ескертіп отыр. Осы орайда жаңа дизайндағы 5 000 теңгелік банкноталардың қорғаныш элементтерін тарқатып кеткен. Яғни банкнотада рельефті қалыптастыратын – алтын интаглио арнайы баспа тәсілі қолданылған. Қазақстан Республикасының елтаңбасы алтын металл бояудың жоғары бедерлі қабатымен басылған. Банкнотаның бет жағындағы шеттерінде шығыңқы, жоғары рельефті элементтер бар, олар қолмен ұстағанда жақсы сезілетін – көру қабілеті нашар адамдарға арналған белгі. 

Банкнота бетінде үзік-үзік түрінде шығып тұрған екі түсті қорғаныш жіп те бар. Ол жарық түскенде бір тұтас жіп ретінде анық көрінеді. Банкнотаның көлбеу бұрышы өзгерген кезде қызыл және көк түстердің өзара әрекеттесуінен динамикалық лүпілдің әсері пайда болады. Сонымен қатар, банкнотаның бет жағында көлемді стильдендірілген «Бүркіт» бейнесі түріндегі патч қорғаныш элементі орналасқан. Банкнотаны аударған кезде номиналдың цифрлық кескінінен ою-өрнекке ауысу әсері және күн белгісі сәулелерінің жан-жаққа шашыраған динамикалық әсері байқалады.

Мұндай тексеру тәсілдері бірнеше секунд уақытты алады және кез келген адамға банкнотаның түпнұсқалығын анықтауға көмектеседі.