Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Берік Асыловты қабылдады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі, сондай-ақ қадағалаушы органның қызметіндегі басым бағыттар жөнінде мәлімет берілді. Өз кезегінде Берік Асылов заңсыз иемденілген активтерді қайтару үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Шетелге шығарылған активтерді іздеу, заңсыз схемаларды әшкерелеу үшін жасанды интеллектіні пайдалану арқылы IT технологияларды қолданатынын айтты, әрі маңызды инвестициялық жобаларды құқықтық тұрғыдан қолдау жұмыстары жөнінде ақпарат берді.
Прокурорлар 900-ден астам инвестициялық жобаны бақылауға алды. Қазірдің өзінде 41 инвестордың түйткілді мәселелері шешімін тапқан.
Бас Прокурор инвестицияның қауіпсіздігіне кепілді күшейту үшін инвестициялық жобаны жүзеге асырудың бүкіл процесін нақты уақыт режимінде бақылауда ұстауға мүмкіндік беретін цифрлық шешімдер енгізу, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бизнеске қатысты негізгі шешімдерін прокурормен келісу ұсынылғанын жеткізді және үш буынды модель аясында кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау 3 есе қысқарғаны (614-тен 204-ке дейін) жөнінде мәлімет берді.
Жалпы, еліміз бойынша 1041 тұлғаның негізсіз қылмыстық қудалауға тартылуына жол берілген жоқ. Конституциялық құқық бұзушылықтар саны 29 пайызға қысқарған (310-нан 222-ге дейін).
Сондай-ақ, азаптауға қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде баяндалды. Мұндай әрекеттердің алдын алу үшін 54 түзету мекемесінде 29 мың бейнекамера орнатылған, сәйкесінше азаптау фактілеріне шағымдану да 94-тен 17-ге дейін азайған.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тыныс-тіршілігіне қатысты барлық салада заңның сақталуын қамтамасыз ету ісін күшейту қажет екеніне назар аударды.