2030 жылға қарай Қазақстанда су тапшы болуы мүмкін. Егер, қазірден бастап тіршілік нәрін үнемдесек, алдағы он жылда көрші елдерге тәуелді боламыз. Суды ағызып қойып, қашанға дейін қарап отыра береміз? – деген мәжіліс депутаттары бүгін Парламентте осы өзекті мәселені көтеріп, жаңадан құрылған министрлікті сынның астына алды.

БҰҰ даму бағдарламасының мәліметінше, Қазақстанда су ресурстары 2030 жылға қарай жылына 75 мың текше шақырымға азаяды-мыс. Оның үстіне сырттан келетін су көлемі де қысқарып жатыр. Ескірген құбырлар мен арналардан су көп ағуда. Мәселен, 2022 жылы тек ауыл шаруашылығы мақсатындағы далаға кеткен судың көлемі – 5,2 текше шақырымды құрапты. Бұл проблеманы шешу үшін мәжілісмендер үнем қажет деп отыр, әсіресе, өнеркәсіптер суды өңдеп, қайта пайдаға асыруы тиіс дейді.

ЕРНҰР БЕЙСЕНБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ «Меніңше, өнеркәсіпті суды қайта пайдалануға міндеттеу керек сияқты. Бұл өте маңызды сұрақтардың бірі. Қар, су, ерінді, жауын-шашын суларын пайдалану мәселелерін көтермейтін болсақ, Мемлекет басшысы айтқандай, 2040 жылға қарай елімізде 15 млрд текше метр су жетіспейтін болады. Бұл өте ауыр сан. Расында да Арал теңізіне пара пар цифр. Бұл мәселені қалай пысықтаймыз? Ол бойынша түсінік бар ма? Израиль, Сингапурда да суды қайта пайдаланады. Ал бізде қайта пайдалану мүлдем жоқ. Жалпы далаға ағып жатқан судың есебі жоқ».

НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ «Бүгінгі күні Су Кодексіне жаңа норма енгізіліп жатыр. 2030 жылға дейін өнеркәсіп мекемелерін, жеке кәсіпкерлерді техникалық жағдайына қарай суды қайта пайдалану мәселесін шешуді міндеттемекпіз».

Су әсіресе, егін егетін оңтүстік халқын қинап тұр. Биыл шілде мен тамыз айларында Жамбыл облысының алты ауданында ағын су тапшылығы орын алып, 9 мың гектар алқап егіс зардап шеккен еді. Осыны негізге алған мәжіліс депутаты «Жамбыл облысын басқарғанда шаруаларды тарықтырып алдыңыз» деп Нұржан Нұржігітовке қарата қарата сын – ескертпе айтты.

ҚАЙРАТ БАЛАБИЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Өзіңіз Жамбыл облысын басқарған тұста шаруаларды судан тарықтырып алдыңыз. Су саласының министрі болып жүрген кезде мақташыларға су жеткізе алмадыңыз. Күнгейдегі шаруалардың шырылдап жүргенде күз де өтіп кетті. Біздің елімізде берілетін трансшекаралық өзен суларын арттыру мәселесі қарастырыла ма? Мәселені қандай жолдармен шешпексіздер? Қашанғы кісідегінің кілті аспанда демекші көршілердің көңіліне қараймыз? Кіріптарлықтан құтылатын күн бар ма? Биылғы құрғақшылықтың келешекте қайталанбауына қандай кепілдіктер бар?»

НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ «Трансшекаралық өзендер бойынша келісімді қалай жүргіземіз? Қырғызстанмен мысалы 2000 жылы екіжақты трансшекаралық өзендерді пайдалану жағынан келісімдеріміз бар. Сол келісімшартқа байланысты Талас өзені 50 де 50 мөлшерінде, ал Шу өзені 42-де 58 пайыз бөлінген. Сондықтан, әр жылдың өзінің сулылығына байланысты су көлемі бөлінеді. Біздің тараптан оны көтеру мәселесін біз қарастырып жатқан жоқпыз. Себебі нақты пайыздық мөлшері бар».

Депутаттар су мәселесін талқылауға келгенде аса белсенділік танытты. Жаңадан құрылған министрлікке сауалдары көп. Ауыз суды қаладан тасып ішуге мәжбүр Астана маңындағы халықтың мұңын билікке былай жеткізді.

ҮНЗИЛА ШАПАҚ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Бүкіл елді айтпай-ақ, Астана маңындағы ауыл-аймақ тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесінен зардап шегіп отыр. Мысалы, Аршалы ауданы Жібек жолы, Целиноград ауданы Қараөткел аудандарының 40 пайызы ғана ауыз сумен қамтылған. Егіндікөл және Талапкер ауылдарында ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Себебі сумен жабдықтау желілері 15-тен 40 пайызға дейін тозығы жеткен. Бұл ауылдар ауыз суды Астанадан тасуға мәжбүр. Ауыл тұрғындарының көлігінің арты толған бөшкелер. Осыған орай менде сұрақ - Жібек жолы, Қараөткел, Талапкер ауылдарын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша қандай шаралар атқарылды және ауыз су мәселесі қашан шешіледі?»