Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің шекарашылар сапын жаңадан толықтырған 600-ге тарта сарбазына арналған ант қабылдау рәсімі өтті. Аталған департаментке қарасты Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының Ақжар ықшамауданында орналасқан кәсіптік-техникалық және дайындық бөлімінде ұйымдастырылған салтанатты шараға сарбаздардың ата-аналары мен туыстары қатысу үшін алыстан ат арылтып жетті.  Отан қорғаушыларымыздың қатарына тұрған жас азаматтардың өміріндегі маңызды оқиғаға ортақтасу үшін Шекара қызметінің ардагерлері де арнайы шақыртылды.

Бұл күнге сарбаздар бір ай бойы дайындалған. Саптық әзірліктерін шыңдай жүріп, әскери өмірге қалыптасуға дағдыланды. Осы аралықта бірде бір сарбаз әскерде қызмет атқарудан бас тартқан жоқ. Есесіне, араларынан мерзімді қызметтен соң әскерде қалғысы келетін немесе әскери жоғары оқу орындарына түскісі келетін сарбаздардың қатары уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Бұған дер кезінде жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарының да тигізген көмегі орасан дейді мамандар.