"

22 қаңтарда жасөспірімдер арасында болған жаппай төбелес кезінде «адам өлтірді» деген күдікке ілінген 17 жастағы жігітке қатысты соттың екінші отырысы өтті. Оған «пышақпен қатарласын жазым қылды» деген айып тағылған.

Жан баласы үшін жанын шүбірекке түйіп, жан беріп, арпалысып келе жатқан әке Әнуар Иманбеков ұлының бостандыққа шыққанын, соттың әділдік беруін қалайды. Жасөспірімдердің арасындағы төбелесте ұлы Әрсеннің ешкімге пышақ сұқпаса да күдікті деп танылып, қасындағылардың куәгерлерге айналуын түсінбей дал. Алайда оның қылмыс жасағанын айғақтайтын нақты дәлел жоқ, жазықсыз жаза арқалай ма деп ата-анасы алаңдайды.

АНУАР ИМАНБЕКОВ КҮДІККЕ ІЛІНГЕН ЖАСӨСПІРІМНІҢ ӘКЕСІ «Жала болып жатыр бұл жерде. Таза жала. Маған бұл жерден тек әділдік керек. Ақ қарасы шыққаны. Осы уақытқа дейін бәрі қамалғанда, ендігі ақ қарасы шығатын еді. Кімнің тыққанын, кімнің кінәлі екені анықталар еді. Мен баламды ақ деп тұрған жоқпын. Барғаны рас. Төбелескені үшін алсын жазасын. Менің балам ол жерде пышақ тыққан жоқ».

Аты шулы іске қатысты соттың бүгін екінші отырысы өтті. Оқиға орнында табылған пышақта ешқандай қан ізі анықталмаған. Сондай зерттеу жүргізетін мамандар дәлел ретінде келтірген пышақтың қылмысқа қатысы болмауы да мүмкін деген оймен бөлісті. Сонымен қатар, өткен отырыста кінәлі деп тағылған Арсен емес, басқа жігіт екенін айтқан куәгердің аудиожазбасы табылып, сотқа шақырылған болатын. Бірақ, куәгер сотқа бүгін келмегендіктен, сот 25 желтоқсанға дейін ұзартылды.

ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ ЖАҚЫНЫ «Өкінішке орай, үшінші жақтың адамы сотқа келмегендіктен, бұл іс кейінге шегерілді. Мен Қазақстан соты әділетті деп ойлаймын. Булатов мырза өте сауатты, адал адам. Бейкүнә адамдар кінәлінің өз жазасын алуын қалайды. Сонымен қатар, бірнеше адамның абақтыға жабылуына қарсы. Сол себепті, бұл резонанс тудыратын қылмыс болып тұр. Біз нақты нәтижеге қол жеткізбейінше, жоғары сотқа әлі де шағымданамыз. Кімнің кінәлі екенін сот анықтайды».

Кімнің қара, кімнің ақ екені үшінші отырыста анықталмақ. Екі жақта соттан әділдікті қалайды.