Абай облысында ақ түтек боранда жолда қалған 44 адам тікұшақ арқылы құтқарылды. Ал, арнайы техниканың көмегімен 30 азамат, оның ішінде бес бала эвакуацияланды. Зардап шеккендер Қалбатау ауылына жеткізіп, уақытша жылыту пунктіне орналастырылған. Жолшылар мен полиция және төтенше жағдайлар департаментінің мамандары әскерилерді көмекке шақырыпты. Себебі, ауа райының қолайсыздығынан жолда қалған халықты құтқару қиынға соққан. Айта кетейік, аталған өңірде екі күн бойына қалың қар жауып, соңы боранға ұласқан. Салдарынан жолда жүру қашықтығы шектеліп, республикалық маңызы бар барлық автожолдар жабылған болатын.  

Осыған байланысты Көкпекті ауданында жергілікті әкімдіктің шешімімен табиғи төтенше жағдай режимі енгізілген еді. Алайда, бүгін «Омбы-Майқапшағай» автожолында толықтай көлік қозғалысы қайта жанданды. Жол қызметкерлері мен арнайы техника қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр.