- Ақпараттық жаһандану үдерісі туралы өзіңіздің пікіріңіз қандай?

- Ақпараттық жаһандану үдерісі әлемдік деңгейде белең алып келеді. Ақпараттық-технологияның даму деңгейі адамдардың өмір сүру сапасына, қоғамның, экономиканың, ұлттық қауіпсіздіктің және мемлекеттің дамуына әсер етеді. Ақпараттандыру үдерісі білім беру жүйесіне де қатысты. Қазіргі білім беру жүйесіндегі негізгі міндет – оқу үдерісінің сапасын жақсарту, білім деңгейін арттыру, заманауи ақпараттық технологияларды қолдану. Оның негізгі көзі интернет. Қазақстан Республикасының білім беру саласында, оқу үдерісін ақпараттандыруда интернет маңызды құралға айналуда. Интернет оқытушыға оқу үдерісін барынша жоғары деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Білім алушылар да оқу материалын меңгеру мақсатында түрлі ақпараттармен танысады. Заманауи оқытушы интернет кеңістігін жақсы меңгеріп, студенттердің әлемдік желі ресурстарымен сауатты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Мәтіндердің көптігі электронды ұсынылғандықтан және интернетке қолжетімділік еркін болғандықтан, интернеттің өзін (Web as Corpus) ең үлкен корпус деп санауға болады. Корпус – бұл электрондық нысандағы кейбір тілдегі мәтіндер жинағына негізделген ақпараттық-анықтамалық жүйе.

- Ұлттық корпус қызметі туралы не айтасыз?

- Ұлттық корпус бірінші кезекте тілдің лексикасы мен грамматикасын ғылыми зерттеуді, сондай-ақ тілде салыстырмалы түрде шағын кезеңдер – бір ғасырдан екі ғасырға дейін болатын тілдік өзгерістерді қамтамасыз етуге арналған. Корпустың тағы бір функциясы – лексика, грамматика, акцентология, тіл тарихы салаларына қатысты әртүрлі анықтамаларды ұсыну. Қазіргі заманғы компьютерлік технологиялар мәтіндердің лингвистикалық өңдеу рәсімдерін бірнеше рет жеңілдетеді және жеделдетеді. Ұлттық корпустарды толықтыру, оны жүзеге асырудың ғылыми-теориялық негіздемесін жасау да кезек күттірмейтін өзекті мәселелердің бірі. Ұлттық корпусты бір жүйеге негізделген тілдік материалдар базасы деп қана қарау дұрыс емес. Ұлттық корпус қазіргі ақпараттар кезеңінде, виртуалды кеңістікте мемлекеттік тіл қызметін жетілдіру, тілдік ресурттарға қол жеткізу тетігі болып саналады.

- Ұлттық корпус өміршеңдігі туралы не айтасыз?

- ХХІ ғасырда тіл таным құралы қызметін атқарып келеді. Қоғам сұранысына сәйкес тілдік бірліктерді, сөз қолданыстарын, сөз жиілігін ІТ платформаға жинақтап қолданысқа енгізген кезде ғана ұлттық корпустың тиімділігі артады. Әр тілдік қолданыс, әр сөз – ұлт байлығы. Ұлттық корпустың өміршеңдігі де осыған байланысты болмақ. Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру туралы Президентіміз Қ.К. Тоқаев ұлттық құрылтайдағы сөйлеген сөзінде тағы да шегелеп айтып кетті. Абай қолданысындағы сөз байлығын жинақтап корпусқа енгізу – қазақ тілін ғылым тіліне, ІТ платформалар мен техника тіліне айналдырудың, әлемдің сұраныстағы тіл деңгейіне көтерудің басты қадамы болмақ.

- Ұлттық корпус құрамына Абай мұрасын енгізу үшін қандай шаруалар атқарылуда?

- Абай мұрасын ұлттық корпус қорына енгізу үшін тіл білімінде қыруар шаруалар атқарылуда. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұжымы осы бағытта бірнеше жобалармен жұмыс жасап келеді. Соның бірі – ҚР Жоғары білім және ғылым министрлігі, ғылым комитеті қаржыландыратын «Қазақ поэтикалық корпусы әзірлемесі: Абай өлеңдерінің морфологиялық және поэтикалық белгіленімі» БНҚ бағдарламасы. Жоба жетекшісі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Г.Б. Мадиева. Бұл жоба мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың ұлттық құндылықты қолдау мақсатындағы идеяларынан бастау алады.

- Қазақ поэтикалық мәтіндерін жaңa aқпaрaттық технологиялaр көмегімен зерттеу ғылым үшін қаншалықты маңызды?

- Қазақ поэтикалық мәтіндерін жaңa aқпaрaттық технологиялaр көмегімен зерттеу компьютерлік технологиялaрдың қaрқынды дaмуына да бaйлaныстa болады.  Абай өлеңдерінің кіші корпусын жасауда Абай өлеңдерін корпустық технологиялар көмегімен зерттеу көзделеді. Абай шығармаларының маңыздылығын арттырып, қазақ әдебиетінің әлемдік кеңістікке орнын айқындайды. Бұл мәселелер шешімін тапқан жағдайда Абай өлеңдері сандық технология көмегімен корпус құрамына енеді. Қазіргі қоғамдағы сандық жүйені жасауға, сандық тіл білімі мен сандық әдебиет салаларының жаңа қарқынмен дамуына үлес қосады. Қaзaқ поэтикалық мәтіндерінің ұлттық корпусын дaйындaудың да қaжеттілігі осында.

- Қазақ поэтикалық мәтін корпустарын зерттеу мен құру сала мамандары үшін қаншалықты маңызды?

- Қазақ поэтикалық мәтін корпустарын зерттеу мен құру сала мамандары үшін ғана емес, қоғамдық-әлеуметтік мәселе ретінде де маңызды. Шетелдік және ресейлік ғалымдардың еңбектерінде корпус құрылғаннан кейін академиялық сөздіктер мен грамматикалар қайта қаралып, қайта жазылғандығы туралы ақпарат бар. Абай өлеңдерінің кіші корпусын жасау, қазақ әдеби тілінің мәтіндері негізінде тілдік корпустарды пайдалану мүмкіндіктерін қарастыру және осы мүмкіндіктерді іске асырудың ғылыми-теориялық негіздемесін әзірлеу қажет. Өйткені, тілдік корпусты құрастыруда, атап айтқанда, әртүрлі сөздіктерді құрастыруда, ғылыми грамматиканы қайта жазуда немесе белгілі бір лингвистикалық құбылыстарды анықтауда алынған нәтижелерді қолдану корпустық лингвистиканың болашақ дамуы үшін ғана емес, сонымен қатар ғылыми зерттеулердің жаңа технологиясын қалыптастыру үшін де маңызды.

- Поэтикалық мәтін корпусын жетілдіруде Абай поэтикасының ішкорпусын жасаудың маңыздылығы туралы не айтасыз?

- Поэтикалық мәтін корпусын жетілдіру арқылы Абай тілінің кіші корпустарын жасауға, электронды тілдік корпустар қызметін жетілдіруге, лексикографиялық зерттеулер жүргізуге, Абай өлеңдерінің кіші корпусын автоматтандырудың ғылыми методологиясын негізін жасауға мол мүмкіндік туады.  Абай қолданысындағы сөз байлығын жинақтап корпусқа енгізу – қазақ тілін ғылым тіліне, ІТ платформалар мен техника тіліне айналдырудың, әлемдің сұраныстағы тіл деңгейіне көтерудің басты қадамы болмақ.

- Абай мұрасын ұлттық корпус құрамына енгізудің, Абай тілінің кіші корпус­ын жасаудың пайдасы қандай?

- Қазақтың ұлы ақыны, қазақ жазба поэзиясын жаңа сапалық белеске көтерген, қазақ әдебиетіне көркемдік құндылықтардың әлемдік үлгісін алып келген, ақындық мектеп, қайталанбас дәстүр қалыптастырған, Абай Құнанбайұлы поэзиясының ерекшеліктері әдебиеттану ғылымында жан-жақты зерттелді. Абай шығармаларының ғылым тіліне айналуына зор үлес қосқан ғалым академик Рәбиға Сыздықова болатын. Тілші-ғалым алғашқы зерттеу еңбегін Абай шығармаларына, оның лексикалық, морфологиялық, грамматикалық, поэтикалық ерекшеліктерін зерттеуге арнады.

Абай тілінің кіші корпус­ын жасау, қазақ поэтикалық мәтіндерінің корпусын толықтыру қазіргі қоғам үшін аса маңызды, өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Жалпы, әлемдік тәжірибеде тілдің ұлттық корпусы түрлі тақырыптағы кіші корпустардан тұрады. Әлем тілдеріндегі кез келген корпус сол тілдің лексикасы мен грамматикасын, ондағы өзгерістерді ғылыми зерттеу үшін аса қажет. Ақпаратты табу, көлемді материалдарды іздеу, талдау, өңдеу, статистикалық мәліметтерді алу үшін оңтайлы. Абай шығармаларындағы тілдік бірліктерді корпустық технология көмегімен модельдеп, қоғам қажеттілігіне жарату қажет. Абай шығармаларының лингвистикалық белгіленім талдамасын жасау, морфологиялық және синтаксистік белгіленімдерін айқындау үлкен ұжым, мемлекет деңгейінде атқарылатын шаруа.

- Абай өлеңдерінің кіші корпусын жасау арқылы қандай ғылыми нәтижелерге қол жеткізуге болады?

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың осындай ұлттық құндылықты қолдау мақсатында «қазақ поэтикалық корпусы» жұмыстарына, гранттық жобаларға айтарлықтай қолдау көрсетуі Абай өлеңдерінің кіші корпусын түзіп, ел игілігіне жаратудың бастапқы қадамы болмақ. Поэтикалық мәтін корпусын жетілдіру, Абай өлеңдерінің кіші корпусын жасау арқылы бірнеше нәтижелерге қол жеткіземіз:

  • Абай өлеңдерін автоматтандырудың ғылыми әдіснамасы айқындалады;
  • электронды тілдік корпустар қызметін жетілдіруге зор мүмкіндік туады;
  • Абай тілінің сөздігін жасап, лексикографиялық зерттеулер жүргізуде пайдалануға болады;
  • Абай поэтикасына қатысты жасалған ғылыми тұжырымдарды ұлттық корпус жасау ісінде қолдануға мүмкіндік туады;
  • морфологиялық және поэтикалық белгіленімдер қойылған Абай өлеңдерінің негізінде қазақ поэтикалық мәтіндерінің кіші корпусы толығады;
  • қазақ өлеңдеріне цифрлық өңдеу жасай алатын бағдарламалар әзірлеу көзделіп отыр. Бұл бағдарламалар негізінде Абай тіліне қатысты лингвистикалық алгоритмдер мен кешенді сипаттағы теориялық, тәжірибелік материалдарды біріктіретін бағдарламалар қорын дайындауға зор мүмкіндік туады.

Абай тілі ұлттың, халықтың құнды қазынасы болғандықтан, соның барлық болмысын, ерекшеліктерін корпус қорына енгізу маңызды. Абай өлеңдерінің цифрлық корпусын құру инновациялық жобалардың дамуына және жаңа лингвистикалық және мәдени ресурстардың жандануына септігін тигізеді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Саткенова Ж.Б.