Ханчжоуда өткен жазғы Азия ойындарына қатысып, жүлделі орындарды иеленген қазақстандық спортшылардың соңғы легі елге оралды.

Алматы әуежайында джиу-джитсу, көркем гимнастика, су добы, шахмат және әйелдер күресі бойынша Азия ойындарының чемпиондарын туыстары, жанкүйерлері мен БАҚ өкілдері қошеметпен қарсы алды.

СҰЛТАН ШОНЖІГІТОВ СУ ДОБЫНАН ҚАЗАҚСТАН ЕРЛЕР КОМАНДАСЫНЫҢ МҮШЕСІ: «Алматыға ұшып келдік, бізге құрмет көрсетіп, жоғары дәрежеде қарсы алып жатыр. Біз су добы бойынша қола алдық. Өкінішке орай үшінші орын. Келесі жолы жақсы өнер көрсетуге тырысамыз. Жанкүйерлерге рахмет».

Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы Азия ойындарында қола жүлде алды. Құрама сапында Жансая Әбдумәлік, Бибісара Асаубаева, Алуа Нұрманова, Меруерт Камалиденова және Динара Сәдуақасова ел намысын қорғады.

ГҮЛМИРА ДӘУЛЕТОВА ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: «Біздің команда мықты. Рейтинг бойынша әу баста біз үштікте болдық. Команда медаль үшін барын салды. Бірінші орынды Қытай, екінші орынды Үнді командасы, үшінші орын Қазақстанға бұйырды».

Көркем гимнастикадан ҚР Ұлттық құрамасының бас бапкері Әлия Юсупованың айтуынша, Қазақстан құрамасының Азия ойындарынан жеңіп алған күміс жүлдесі, алтынмен пара-пар.

ӘЛИЯ ЮСУПОВА КӨРКЕМ ГИМНАСТИКАДАН ҚР ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ: «Спортшыларымызды жарыстарға бес жастан дайындаймыз.Қыздарымыз жаттығуларды жақсы істеді. Менің ойымша, күміс жүлде алтынмен пара-пар. Топтық нәтижеде үшінші орын аламыз ба, деп ойладым. Өйткені, судьялар ұпайды төмен қойып жатты. Эльжананың бағасына мен де протест бердім. Жалпы қыздар жақсы өнер көрсетті. Көркем гимнастика тарихында алғаш рет екі спортшымыз орын алып отыр».

Джиу-джитсуда 69 келі салмақта белдескен, қола жүлдегер атанған Алдияр Серік өзінің қарсыластары туралы айтып берді.

АЛДИЯР СЕРІК ДЖИУ- ДЖИТСУДАН АЗИАДАНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ: «69 келі салмақта бес елдің спортшысымен белдестім. Бәрі де мықты спортшы. Бірінші, белдесуде кореялық спортшыны жеңдім, екінші белдесуде филипиндік, үшіншісі БАӘ спортшысын жеңдім. Ал, төртінші белдесуде Сауд Арабиясының өкілінен ұтылдым. Қолаға сингапурлық спортшы екеуміз таластық. Үшінші орын маған бұйырыпты».

Айта кетейік, Азия ойындарында ұлттық құрама 10 алтын, 22 күміс пен 48 қола (барлығы 80) жүлде жеңіп алды.