Шерзат Болаттың отбасына демеушілер есебінен үй салып берілуі мүмкін. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев айтты. Облыс басшысы қазір Талғарда жағдай тұрақты екенін баяндады. Іс құқық қорғау органдарының назарында. Сондықтан, халық босқа дүрлікпеуі керек дейді. Әкім ел азаматтарын тек сенімді ақпарат көзіне сенуге шақырды. 

МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ  АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Біз ол отбасына көңіл айтамыз. Жалпы, бұл мәселе біздің назарымызда. Құқық қорғау органдары өз жұмысын атқарып жатыр. Қазіргі таңда іс ішкі істер министрі мен бас прокурордың жеке бақылауында. Сондықтан біздің аудиторияға айтқым келгені – сабыр сақтап, құқық қорғау органдары берген мәліметтерге көңіл бөліп, сену. Қазір олар ашық жұмыс істеп отыр. Әр жұмысы бойынша баспасөз құралдарында ақпарат жариялап жатыр».

Тілшілер облыс басшысынан осы болған оқиғалардан кейін отставкаға кетуге дайынсыз ба деп сұраған еді. Ол сауалға әкім жауапты былайша қысқа ғана қайырды. 

МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ  АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Сіз отставкаға кетуге дайынсыз ба? Біздің жұмысымыз тек әлеуметтік желіде тараған жаңалықпен бағаланбайды. Көптеген сала бар: экономикалық, әлеуметтік және тағы басқа. Кейін басшыларымыз өз бағасын берер».