Мемлекеттік қолдаудың арқасында қалада 140 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, кәсіпорындардың жалпы өнім көлемі 17 трлн теңгеден асты.

«Шағын және орта бизнес – қаланың экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күші. Біздің міндетіміз – мемлекеттік қолдау құралдарының кәсіпкерлерге шынымен көмектесіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға жағдай жасау», – деді Алматы қаласы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өңірлік филиалының директоры Жандос Нұрғазинов.

Ұлттық басқарушы холдинг «Бәйтерек» құрамындағы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры алматылық кәсіпкерлерді жүйелі түрде қолдауды жалғастыруда. Қор жеңілдетілген несиелеу, кепілдендіру және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетіктері арқылы бизнестің дамуына және өңір экономикасының нығаюына серпін беріп отыр.

2025 жылы Алматы қаласында «Өрлеу» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 56,6 млрд теңгені құрайтын 114 жоба қолдау тапты. Ал кепілдендіру құралы арқылы 255 келісімшарт жасалып, олардың жалпы сомасы 24,2 млрд теңгені құрады. Бұл жобалардың жалпы құны 43,3 млрд теңгеге жетті.

Сондай-ақ, Алматыда бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін пресс-тур ұйымдастырылып, қатысушылар мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижелерімен танысты.

«Juldyz Kenan Co., Ltd» ЖШС – Қазақстандағы катетерлер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды шығаратын жалғыз кәсіпорын. Компания «Даму» қорының 566 млн теңге көлеміндегі жеңілдетілген несиесі мен 32,7 млн теңге кепілдігінің арқасында 7 000 шаршы метр аумақтағы заманауи зауыттың құрылысын аяқтап, өндірісті іске қосты.

«Алматинская дорожно-строительная компания» ЖШС жол және азаматтық құрылысқа арналған материалдар өндіреді. 2025 жылы кәсіпорын «Өрлеу» бағдарламасы аясында 895 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, өндіріс көлемін ұлғайтып, өткізу нарығын кеңейтті.

«ALA Sintez» ЖШС – металл консерві қаптамасын өндіруші кәсіпорын. Компания өндіріс қуатын арттыру және жаңғырту мақсатында 130 млн теңге жеңілдетілген қаржы алды.

Пресс-тур аясында журналистер «Qaz Package» ЖШС кәсіпорнының жұмысымен де танысты. Компания ет және азық-түлік өнімдеріне арналған қаптамалар шығарады. Жоба импортты алмастыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Кәсіпорын инвестицияға 580,5 млн теңге, айналым қаражатын толықтыруға 100 млн теңге қаржы тартып, 174,8 млн теңге көлемінде «Даму» қорының кепілдігін пайдаланды.

«Даму» қорының қолдауы алматылық бизнес үшін тек қаржылық құрал ғана емес, сонымен қатар қаланың өндірістік әлеуетін арттыруға және экономикасын жаңғыртуға нақты серпін беріп отыр.