Бүгін Алматыда «Цифрлық Жібек жолы – 2025» атты халықаралық форумы өтті. Жиын Қазақстан мен Қытай арасындағы туризм және технология салаларындағы серіктестікті нығайтуға бағытталған. Шараға екі елдің туризм индустриясы мен ІТ секторындағы жетекші сарапшылары мен компаниялары қатысты. Олардың қатарында Қытайдың Ctrip, JD Travel, Tongcheng секілді ірі платформалары бар.

Форум аясында туризм саласын цифрлық трансформациялау және заманауи контент арқылы туристік маркетингті дамыту жолдары талқыланды. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның туристік әлеуеті Қытай цифрлық кеңістігінде кеңінен танымал болмақ. Енді еліміздегі туристік бағыттар мен нысандар қытай тіліне аударылып, Қытайдағы ең ірі қосымшаларда қолжетімді болады. Ұйымдастырушылар бұл қадам Қытайлық туристердің Қазақстанға өз бетінше келу мүмкіндігін арттырады деп отыр. Қазірдің өзінде Қытайдан келетін қонақтар саны артып келеді. Былтыр елімізге 655 мың турист келген болса, биыл бұл көрсеткіш 1 миллионға жетуі мүмкін дейді.

ДАНИЕЛ СЕРЖАНҰЛЫ, “KAZAKH TOURISM” ҰК” АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ “ Бүгінгі форумның негізгі мақсаты - жалпы Kazakh Tourism мен Гуанчжоу технологиялық компаниясы Zowoyoo атты біріккен Қазақстанның бір туристік экожүйесін қалыптастыру. Ол дегеніміз не? Қытайда өзіндік, жеке туристік платформалар бар - бұл барлық әлемдегідей Booking емес, Tripadvisor емес. Оларда Ctrip, Tongcheng сияқты өздерінің жеке жеке. Бірақ оларда Қазақстан туралы ақпарат әлі де көп емес. Бүгінгі форумның нәтижесінде Гуанжоу технологиялық компаниясы алады да Қазақстан туралы - оның туристік нысандары, турлары және басқа да ақпаратты максималды түрде Қытайдың цифрлық кеңістігіне салатын болады. Осының арқасында жаңағы Қытайдың негізгі туристік қосымшаларында, платформаларында, сайттарында және түрлі әлеуметтік желілерінде Қазақстан туралы ақпарат әлдеқайда көбейетін болады. Әрине, бұл арқылы біз өз бетімізше ертең Қытайдан бізге өзімізге келетін туристердің санын еселеп арттырамыз.”

Айта кетейік, Zowoyoo компаниясы Орталық Азиядағы алғашқы өкілдігін Алматыда ашып жатыр. Бұл кеңсе аймақтағы туризм бағыттарын біріктіруге және Жібек жолының заманауи цифрлық желісін қалыптастыруға бағытталған.

Асылжан Қасымбекова Алатау ақпараты