"
Алматыда қаламгерлер Қазақстан Жазушылар Одағының ғимаратында бас қосып, Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жолдауын талқылады. Басқосу барысында жазушылар Мемлекет басшысының салық кодексі мен банктер жайлы тапсырмаларына тоқталды.
Жолдауды ақын - жазушылар қызу талқылады. Елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамытудың жолдарын ортаға салды. Халықты әбігерге салған банк қызыметі мен ауыл шаруашылығын дамытудың жолдары туралы ой қозғады.
АЛМАС АХМЕТБЕКҰЛЫ АҚЫН «Осының алдындағы жолдауларға қарағанда, бұл жолғы құжаттың ерекшелігі - қаржы, банк секторларын бір бағытқа салу. Бұған дейін банк қызметкерлерінің жұмысын дұрыс атқармауы, халықтың көпшілігі қарызға кіріп, банкроттыққа ұрынғаны болған еді. Мемлекет басшысы Amanat партиясының "Қарызсыз қоғам", "Ауыл аманаты" жобалары жайлы ойларын айтып өтті. Сондай-ақ сусидияларды агроөнеркәсіпке, ауыл шаруашылығына бағыттау керектігін айтты. Меніңше, бұл ойлар келешекте жүзеге асып, еліміздің ауыл шаруашылығының өнеркәсібі дамып, тасы өрге домалайды деген ойдамын».
Зиялы қауым өкілдері жолдауда қамтылған бағыттарға қатысты пікірлерін жеткізді. Әсіресе, халық көкейінде жүрген АЭС құрлысы мен қазан айында өтетін рефердумға ерекше тоқталды. Айтуларынша, елде электр тапшылығы сезілгенде Атом электр станциясы арзан қуат көзі боламақ.
ӘШЕ ҚАЗЫХАН ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, ПРОФЕССОР Президенттің жаңа жолдауы 9 тараудан тұрады. Ең бастысы, Қазақстанда АЭС салу жайлы референдумның уақытын белгіледі. Бұл тақырып ел арасында көптен бері айтылып жүр. Халықтың көп бөлігі бұл жаңалықты қорқынышпен, үреймен қабылдады. Халыққа түсіндіру керек. Пайдасы тимесе, зияны болмайтынына кепілдік беруіміз керек. Сол секілді айлығына 10-20% қосу керек. Ғылымның маңызы артқан кезінде АЭС-тің арзан қуат екенін біліп, түсінуіміз қажет. Біз электр жарығынсыз ешқандай тіршілік жасай алмаймыз. Ол біздің зауытқа да, өнеркәсіпке де, күнделікті тіршілікке, жер астындағы шахталарға да керек. Сондықтан да осы жағын ескеру қажет.
Қаламгерлер жиын соңында жолдауда айтылған бастамалар шағармашылықпен айналысуға, кәсіпкерліктің дамуына серпін беретінін атап өтті. Халық арасында АЭС құрлысына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін ақын-жазушылар бірігіп, баспасөз беттерінде немесе әлеуметтік желілерде бұқарамен тығыз жұмыс істемекші. Одан бөлек, жаңа реформалардың іске асып, нәтижесі болуы үшін бір кісідей жұмыла жұмыс істеуге шақырды.