Алматыдағы «Рахат» базарының айналасындағы дау әлі шешімін таппай келеді. 7-ші жылға созылған бұл мәселе  жаңа деңгейде ұшығып тұр. Айтулы сауда нүктесінен күнін көріп отырған 43 кәсіпкерді Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімдігі мен Алматы қаласы ауданаралық экономикалық соты өзгелерден бөліп жарып, базар аумағын босатуға міндеттеп шығарған сот шешімі мемлекеттік сот орындаушыларының қолына жетті. Енді сот шешімі орындалуы керек. Кәсіпкерлердің тамырын басып көргілері келді ме, сот орындаушылар 5 кәсіпкерге атқару өндірісін қозғау туралы қаулысы мен атқару парағын поштамен жіберген. Саудагерлер болса, қылышын сүйреп қыс келе жатқанда табысымыздан айырылып, бала-шағымызды қалай асыраймыз деп шыр-пыр болуда.

Саудагерлер  Жетісу ауданының әкімдігі  тарапынан «қоқаң-лоқы» көріп жатқанын айтып базынасын шақты. Жұрт базардың сүрілуіне үзілді-кесілді қарсы. Осы жерде жиырма жылдан бері сауда жасап, тұрақты тұтынушы тартып үлгерген кәсіпкерлер басқа жаққа ауыссақ, нәпақамыздан айырыламыз дейді.

МОЛДАБАЕВ СЕРІК САУДАГЕР: «Біздің базарға әкімдіктен келіп, тисіп жатыр кетіңдер деп. 5 адамға хат жіберіпті «Осы жерден көшіңіздер!» деп. Оның өзі дұрыс емес, мына қарапайым халық қайда барады. Елім, жерім деп еңбек етіп жатырмыз. Бұл жерде жұмыс істегеніме 20 жыл болды 6 балам бар. Оларды осы саламен бағып отырмын. Өзіңіз білесіз доллар өсіп жатыр, барлық жерде қымбатшылық. Осы жерде үйреніп қалдық, саудамызда жүріп жатыр. Бұл базарға тиспесін деп жатырмыз».

МАРБАНОВ ИМИДЖАН САУДАГЕР «Бар-жоғы 48 адам бар. Оның біріншісі болып маған хат келіп тұр. Сонымен қағаз келіп тұр. Бұл жерді мен босатуым керек екен. Қандай заңмен, кімнің заңымен келгені белгісіз. Біз юрист емеспіз, қарапйым адамды қағазбен қорқыту оңай. Егер жер жоқ, жұмыс жоқ болса қайда барамыз. Көп адамдар базарды салғанда 3 бөлікке бөлді. Енді мына жерге ағаш егеміз дейді. Бұл жерде көмір таситын автобаза болған. Асты толған көмір, бұл жерге ағаш өспейді, бізден басқа ешкім шыдамайды бұл жерге. Үкіметтен осы жерді қалдыруды сұраймыз». 

Саудагерлер 200-ден астам кәсіпкерлер арасынан 43 адам таңдалған, таңдау қандай негізге сүйене отырып жасалғанын, осылайша кәсіпкерлерді өзара дүрдараз етіп қойғысы келді ма деген ой болғанын жасырмады. 

ТӨКЕН АЛДОҢҒАРОВА ЗЕЙНЕТКЕР «Біз үкіметтен, Жетісу ауданының әкімдігінен бірінші доғарыңдар бізді қорқытуға. Біз қорықпаймыз, біз халықпыз осы жерде туылдық. Біз бұрындары да қазір де халыққа қызмет етіп, өз күнімізді көріп жүрген адамдармыз. Мен 120 мың теге зейнетақы аламын. Алматыда бұл ақшаға күн көру мүмкін емес. Менде бірақ тілек, қалдырыңдар осы жерді. Бізді қалдырса, ақшамызды жинап сауда орталығын салып аламыз. Парк саламын дегені өтірік, жолдың арғы бетіндегі мосты көріңіздер. Не оны тазаламйды, бизнес қылып жіберген. Жетісу ауданының әкімдігі бірінші сол жерді жөндеп алсын». 

Бұл дау 2018 жылдан бері созылып келеді. Мұндағылардың сөзінше, «ТКМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 97 соттық жерді жалға алу туралы келісім-шартты созбақ болған. Алайда ол кезде әкімдік учаскені санитарлық аймаққа жатады әрі өзен бойында орналасқан деп танып, арызды кейін қайтарған. Есесіне 2019 жылы базар «Алматы СРS» атты жиһаз жасайтын фабрикаға өткендігі белгілі болыпты.