Алматылықтарға жер сілкінісі қатты сезілді. Зілзала, әсіресе, көпқабатты тұрғын үйде білінді. Жер дүмпуінен қандай да бір залал келді ма, жарақат алғандар бар ма оны келесі бейнематериалдан білейік.

Алматының түні тұрғындардың зәресін ұшырып, күштік құрылымдарды тікесінен тік тұрғызды. Бес балл деңгейдегі жер сілкінісі мегаполистен оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы аумағында болды. Жер дүмпуінің қатты болғаны соншалық, алматылықтар үйлерін тастап далаға қашып шықты. Сол арада әлеуметтік желіде зілзаланың қайталанатыны туралы ақпарат тарап, халықтың үрейін одан әрі арттырды.

НҰРЛАН АТЫҒАЕВ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: «Әлеуметтік желіде шындыққа жанаспайтын ақпарат тарап жатыр. Оған сенудің қажеті жоқ. Сіздерді ресми дерек көздері мен Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілдерін тыңдауға шақырамын»

Алматыда жер сілкінісі кезінде халықты жинайтын барлық 384 пункт бір жарым сағаттың ішінде ашылды. Мегаполис тұрғындарын қабылдау пункттеріне 11 мыңнан астам адам жүгінген. Оның ішінде 3,5 мыңы бала. Ал, кейбір алматылықтар қаладан жаппай кете бастады. Көшелерде үлкен кептеліс пайда болып, жанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек қалыптасты. Сондай-ақ, такси бағасы бір сапар үшін 5 мың теңгеден 20 мың теңгеге дейін көтерілді. Кейін Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев Алматыда жақын уақытта жойқын жер сілкінісі болмайтынын айтып,халықты сабырға шақырды.

ДӘУЛЕТ СӘРСЕНБАЕВ ҰЛТТЫҚ СЕЙСМОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУЛАР МЕН ЗЕРТТЕУЛЕР ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Алматының тұрғындары мен қонақтарын жақын арада жойқын жер сілкінісі күтілмейтініне сендіргім келеді. Бүгін болған сейсмикалық оқиға ҚХР мен Қырғызстан Республикасының аумағында болды. Алматы мен Алматы облысының тұрғындары, Жетісу облысының бір бөлігінде сезілген сілкіністер «афтершок» болып табылады. Орталық Азияның барлық дерлік елдері сейсмикалық оқиғаны сезінді. Қазіргі уақытта 10-нан астам афтершок тіркелді, оның ішінде Алматы тұрғындары 2 афтершокты сезінді. Байбаламға салынудың ешқандай себебі жоқ».

Оңтүстік астанада қоғамдық тәртіпті 2,5 мыңнан астам полиция қызметкері қамтамасыз етті.