ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына берілген құрылыс кодексінің жобасы елдің сейсмикалық жағдайын егжей-тегжейлі пысықтауды талап етеді. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Қазақстан сәулетшілер одағы мен сәулет-қала құрылысы қоғамдастығының мамандары мәлім етті.

Мамандар ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына берілген құрылыс кодексінің сапасына алаңдаулы. Айтуларынша, қалалар мен басқа да елді мекендердің қауіпсіз жұмыс істеуінің барлық мәселелері бас жоспарларды әзірлеу, дайын ғылыми-техникалық және инженерлік-іздестіру жұмыстарын жүргізу, ерекшеліктері бар әрбір ірі өңірде мамандандырылған ғылыми орталықтар құру деңгейінде қалануы тиіс.

ҒАБИТ САДЫРБАЕВ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН СӘУЛЕТШІСІ «Заңда құрылыс нормативтері бар.Сол жерде үйлердің орналасуы қалай? Олардың кеңістігі мен арақашықтығы қалай? Одақ кезіндегі нормативтер дәл айтылған. Қазіргі заңда басқаша. Яғни, берілген учаскенің жартысына салу керек қалғанын қалдыру керек дейді. Оның биіктігі, тығыздығы, қанша адам болады ол айтылмаған».

Алматыдағы соңғы жер сілкінісі қаланың, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жер дүмпуінен кейінгі ықтимал жағымсыз салдарын жоюға байланысты мәселелерге дайын емес екенін көрсетті – дейді сарапшылар. Талғат Мамаевтың келтірген дерегіне сүйенсек, мегаполисте соңғы 4-5 жылда тектоникалық жарық өтетін жерлерге 16көпқабатты тұрғын үй салынған.

ТАЛҒАТ МАМАЕВ САРАПШЫ «Кеңіс заманында тектоникалық жарық өтетін жерлерге құрылыс жүргізуге тыйым салынған болатын. 1998 жылы біздің алғашқы сейсмикалық нормативте бұл талап болған. Егер сол учаскелерге қатты керек болып жатқан жағдайда ғана рұқсат берілетін, оның өзінде тұрғын үйге емес. Ал қазір сол қауіпті аймаққа құрылысқа рұқсат берілген. Бұл дұрыс емес, оған шектеу қою қажет. Немесе, Жампонияның тәсілін қолдану керек. Яғни, жер сілкінісін іргетасы арқылы төмендету. 9 баллдық дүмпу жоғары қабатта 6-7 балл болып сезіледі. Міне, осындай әдісті қолға алу керек. Алайда, ол үлкен қаржыны талап етеді».

Айта кетейік, жыл сайын қаладан 80 км радиуста 200-ге дейін әлсіз жерасты дүмпулері болады. Бұл ретте магнитудасы 2-ден 4 балға дейінгі жер сілкінісі қала үшін фондық режим. Мегаполис арқылы 30-ға жуық тектоникалық жарық өтеді, оның 60 пайыздан астамы таулы аймақта орналасқан.