Маңғыстау облысында 11 отбасы апатты үйде тұрып жатыр. Сай-Өтес ауылындағы құлауға шақ тұрған үйдегі тұрғындар дереу басқа баспанаға көшіруді талап етеді. Алайда жергілікті билік тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары келесі жылы басталатынын алға тартуда.

Өлместің күйін кешкен халық, тозығы жеткен үйде тұрып жатыр. Тұрғындар “билік бүгін көшіреміз деседе шатыры шұрық-тесік, іргесі сөгілген жарамсыз деп танылған үйде бір күнге де қалмас едік”- деп отыр. Мына үйлердің ірге тасы 60-шы жылдары қаланыпты. Тұрғындардың сөзінше Сай-Өтес ауылында мұндай жағдайда тұрған 22 үй бар. Бірақ солардың үшеуіне ғана демеушілік көмекпен сараптама жасалған. Нәтижесінде олар апатты деп танылды. Бетон тастары қақ бөлініп тұрған үйдің тұрғындары жанын шүберекке түйіп күн кешіп отырғандарын айтып шағымданды.

Баспананың іші сау болса, мейлі дерсің. Алайда үйлердің сырты да іші де тозған. Мұнда зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, жұмыссыздар мен көп балалы отбасылар тұрып жатыр. Олар өздерін шұғыл арада эвакуациялауды сұрайды. Егер алдымыздағы қылышын сүйреткен қақаған аязға қалсақ, жағдайымыз не болады?-деп алаңдайды тұрғындар.

ТАЗАГҮЛ МҰХАНОВА – ТҰРҒЫН: «Үйдің астында қалып қоямыз деп өмірімізге қауіп төніп тұр. Тез арада бізге көмек беруін сұраймыз. Қабырғаның бәрі сөгіліп жатыр, арасының шелі шығып тұр. Жел кіреді, су кіреді жаңбырдан ондай үйде жылу болмайды ғой. Мен түсінбеймін, бізді мазақ қылып отыр ма?».

Шарасыздықтан шырылдаған халықтың шыдамы әбден сарқылған. Апатты үйлер бойынша комиссия құрылыпты. Ауыл әкімінің айтуынша, мұндағы халық көшірілуі тиіс екен. Бірақ, үй алу үшін тұрғындарға қолма-қол ақша беру заңда қарастырылмаған. Ал жаңа баспана салуға тағыда сол қаражаттың жоқтығы кесірін тигізіп тұр.

САБЫРЖАН ӘБДИЕВ  МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ САЙ-ӨТЕС АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:«Қазір облыстық бюджеттен қаржысы қаралып жатыр 1 қабатты 4 басты үй салуға, 4 үй салуға ауылдан. Әлгі қос қабатты 3 үйде тұратын 11 отбасыны соларға көшіреміз деген ойымызда бар. Ал заң талаптарына сай, үкімет тарапынан бір үй деп бағаланып отырған бағалау құныменен біз тұрғындардың қолына қолма қол ақша беру қарастырылмаған».

Әкімнің сөзінше жобалық-сметалық құжаты жасалса, үйдің құрылысы келесі жылы басталуы мүмкін. Ал тозығы жеткен басқа үйлерге сараптама жүргізілмейді. Тек шатырын жөндеп, қасбетін сылау үшін, бюджетке ұсыныс берілген.