ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт бойы жұмыс істейтін азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем тағайындаудың негізгі тәсілдері туралы айтты.

Светлана Жақыпова өз сөзінде Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын іске асыру мақсатында зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін арнайы әлеуметтік төлемді енгізу көзделгенін атап өтті. Заңнамаға тиісті түзетулерді ҚР Парламенті Сенаты мақұлдады. Арнайы әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың міндетті шарттары мынадай: 55 жасқа толу және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы.

СВЕТЛАНА ЖАҚЫПОВА ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ

Министр төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленетінін атап өтті. Арнайы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнайы әлеуметтік төлемдер алады. Алдын ала деректер бойынша, 2024 жылы арнайы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері жалпы алғанда 208 мың теңгеден асады. Әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарға байланысты болады. Бұл ретте жыл сайын арнайы әлеуметтік төлем мөлшері ең төмен күнкөріс мөлшерінің ұлғаюына байланысты өседі. Алдын ала есептеулер бойынша 2030 жылы төлемнің орташа мөлшері 339 мың теңгені, ал 2035 жылы – 519 мың теңгені құрайды.