Ақмола облысына қарасты Атбасар және Аршалы аудандары көктемгі су тасқынының алдын алуға қызу дайындық шараларын жүргізуде.Айта кетейік биыл Ақмола облысында қар қалың жауды. Күн күрт жылынса, біраз елдімекенді су басу қаупі жоғары болмақ. Мәселені шешу үшін аудандарда жоғары дайындық  режимі жарияланды. Атбасар ауданында 16 елдімекенді су басу қаупі жоғары. Мәселен, 2014-ші  және 2017 жылдары су тасқынынан келтірілген залал 7 млрд. теңгеден асқан. Мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін аудан әкімшілігі алдын алу шараларын жүргізуде. Оған жергілікті бюджеттен 106 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.  

ӘДІЛ ШӘЙКЕНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ  АТБАСАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «160 үйді су басуы мүмкін. Ондай жағдайда тұрғындарды эвакуациялау алгоритмі жасалды. Сондай-ақ, ірі қара және ұсақ мал бар. Оларды құтқару амалдарына қатысты шаралар да пысықталды. Жалпы, Атбасар қаласы бойынша айтсақ, бұл жұмыстар 3 кезең бойынша жүзеге асырылуда. Алдымен қаладан еріген суды сыртқа шығару. Кейін Атбасардың жазық даласы арқылы өткіземіз. Үшінші кезең Жабай өзеніне қатысты. 15 сәуірде Жабай өзені тасиды деп болжап отырмыз».  

Жабай өзенінің бойында орналасқан Полтавка, Титовка, Покровка, Садовое мен Борисовка ауылдарына ерекше назар аударылып отыр. Атбасар ауданында су басу қаупі жоғары аймақтардағы тұрғындардың аулаларын  аралап, профилактикалық шаралар жүргізілді.