Ауылдағы медицинаның күйі аянышты. Алыстағы ағайын сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алмай отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің де жұмысы көңіл көншітерлік емес, бақылауды әлсіретіп алған. Осылай деген Премьер-Министр Үкіметте бірнеше рет қаралған мәселенің әлі шешім таппай келе жатқанын сынға алды. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ  ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Әкімдіктер де құрылыс орындарын анықтау, жер учаскелерін уақытылы бөлу бойынша түрлі сылтау айтып, мәселені шұғыл шешуге ниет танытқан жоқ. Жобалау құжаттарын рәсімдеу мен сараптама мәселелері де тым кешеуілдеп кетті. Сондықтан, ауылдық жерлердегі медицина объектілерінің құрылысын бастау мерзімдері бұзылды. Мұның бәрі жоспарлардың өзгеруіне әкеп соқты. Соның салдарынан өткен жылы тек 99 объектіні тапсыру туралы шешім қабылданған болатын.Бірақ оның өзіне қол жеткізілген жоқ.Әлі күнге дейін 7 объект аяқталмады.Былтыр әкімдіктер типтік жобаларды жергілікті жерге байланыстыруға тиіс еді. Бұл жұмыс та аяқсыз қалды».  

Айта кетейік, былтыр ауылдық елді- мекендерде 309 объектіні салу жоспарланған болатын. Алайда, жобалық-сметалық құжаттама дайын болмағандықтан, құрылыс әлі басталмаған. Ал, көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу жұмыстары басталуы керек болатын. Ол жұмыстар да әлі жүзеге асырылмапты. Бүгін үкімет отырысында Премьер-Министр әсіресе 5 акушерлік-фельдшерлік пункт ашылуы керек болатын Ұлытау облысы әкімінің жұмысын сынады. Әкім бақылау жұмысын дұрыс орындамағандықтан, ауылдағы ағайын сапалы медицинаға қол жеткізе алмай отыр деді.