Ақмола облысы өңірінде ерекше қажеттілігі бар 3 мыңнан астам бала тіркелген. Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінде 333 мүгедектігі бар бүлдіршін тізімде тұр. ҚР Әлеуметтік кодексін іске асыру шеңберінде республикада жеке секторды тарта отырып, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін сыйымдылығы аз үйлерді ашу жөніндегі пилоттық жоба басталды. Оның аясында Көкшетауда мүгедек балаларға арналған 15 орындық орталық ашылды.

Мұнда психоневрологиялық аурулары бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Бұл жерде ұл-қыздар 8 сағат уақытын өткізеді. Осы мерзімде оларға 3 мезгіл тамақтандыру, дефектолог, логопед, психолог және тағы басқа да сабақтар ұйымдастыру қарастырылған.

ГҮЛҚАМЫС ҚЫЗЫРОВА КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Менің балам 6 жаста. Ол ДЦП дертіне шалдыққан. Мұндай орталық ашылғанына қуанып жатырмыз. Алғысым шексіз. Бұл орталық балаларымыз үшін өте маңызды».

АЗАМАТ БІРЖАНОВ КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Көкшетау қаласында осындай 16 орталық ашылып отыр. Оның басты мақсаты – ерекше күтімді қажет ететін жас жеткіншектерге көмек жасау. Қазіргі таңда Көкшетау қаласында басталып отырған басты жоба. Атап айтатын болсақ, 7865 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Оның 884 жеткіншек. Әрине, мемлекет тарапынан басқа да комек жасалып отыр. Бірақ мына әлеуметтік кодексінің жаңашылдығының бірі осындай сыйымдылығы аз үйді ашу біздің басты мақсатымыз болып отыр».