"

Ақмола облысының табиғат қорғау прокуратурасы жүргізген талдау арқылы бекітілген су қоймаларын пайдалану кезінде өрескел бұзушылықтар анықталды. Осылайша 37 су қоймасы мен кәсіпшілік учаскелерін мемлекетке қайтарды. Жалпы аумағы 1900 гектарға жуық. Аталған су қоймаларында балық аулау ережелері жүйелі түрде бұзылған. Балық ресурстарын қорғауға қатысты қорықшылық қызметтері болмаған. Су қоймаларына балық жіберілмеген. Мелиорациялық және үсікке қарсы шаралар назардан тыс қалған.  Сондай-ақ, балық аулау лимиттері ихтиофаунаның міндетті биологиялық зерттеуінсіз   бекітіліп келген.

ӘМІР ҚҰДАБАЕВ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ ПРОКУРОРЫ: «Қалыптасқан жағдайды түзету үшін облыс әкімдігі мен балық инспекциясына прокурорлық қадағалау актілері жіберілді. Сотқа дейінгі жұмыстар мен сот талқылауларының нәтижесінде бұзушылықтарды жою туралы 73 хабарлама мен ұсыным берілді. Бекітілген 397 су қоймасы мен кәсіпшілік учаскелерінің 37-сі мемлекетке қайтарылды. Яғни, әрбір 10 су қоймасы өз мақсатына сай пайдаланылмаған. Қазіргі уақытта теріс пиғылды  пайдаланушылармен балық шаруашылығын жүргізуге арналған шарттарды бұзу туралы 2 талап сотта қаралып жатыр».