Еліміздің бірнеше өңірінде соңғы екі тәулік бойы қыс қаһарына мініп алды. Ақмола облысында да дауылды ескерту жарияланды. Соған қарамастан жолға шыққан жолаушы көп. Бірнеше күн көлікпен ұзақ сапарға шықпау туралы ескертілгенімен, оған құлақ асып жатқан халық жоқ. Қазгидромет мамандары секундына 30 метрге дейін қатты жел тұратынын, қар аралас жаңбыр жауатынын ескертумен келеді.

ЕРКЕН БЕРЛІБЕКОВ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ: «Ақпанның 7-сі мен 9-ы аралығында республикалық маңызы бар 20 және облыстық маңызы бар 38 жол учаскесі жабылып, барлық көліктер үшін қозғалысқа шектеулер енгізілді. Төтенше жағдайлар қызметі облыс жолдарында қалып қойған жолаушыларға көмек көрсету үшін 13 рет трассаға шықты. 87 адам құтқарылды. Оның 4-еуі бала. Барлығы жылыту пункттеріне жеткізілді. Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар 16 және облыстық маңызға ие жолдардың 38 учаскесі жабық. Облыс бойынша 268 жылыту бекеті дайындалды. Қазір ол жерге 52 адам орналастырылған».

Жолға шыққан жолаушылардың көбі елдімекендерден ұзап кетіп, қар құрсауында қалып қойған. Өте қауіпті жағдайға тап болғанда, қашан да көмекке құтқарушылар келеді. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің дағдарыс жағдайлары басқармасының базасында жедел әрекет ететін арнайы штаб жұмыс істейді. Бір тәулік ішінде ақмолалық құтқарушылар 26 адамды қар құрсауынан шығарып, жылыту пункттеріне жеткізілді. Құтқарылғандардың арасында Ресейдің 3 азаматы, 1 бала мен 1 жүкті әйел бар.