Ақмола облысында интернет пен ұялы байланыстың игілігін дұрыс көрмей отырған елдімекендер бар. Көкшетаудың іргесінде орналасқан ауылдардың өзінде байланыс нашар. Ғаламтор желісінің жылдамдығы да мәз емес.

Садовое ауылы облыс орталығынан 10 шақырым қашықтықта ғана орналасқан. Қалаға жақын бола тұра ұялы байланыстың зардабын тартып  отыр. Соңғы кездері ауыл тұрғындарының ғаламторға қосылмақ түгіл, жақындарымен байланыс орнатуы мұңға айналған. 

АМАНТАЙ АХМЕТ САДОВОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:«Бізде байланыс нашар. Сөйлесе алмаймыз, сөйлесіп жатсақ үзіліп қалады».

МҰХАМЕД ЖҰМАШ САДОВОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:«Интернет вай-файмен жақсы ұстайды, былай нашар.Далада кейде ұстайды, кейде ұстамайды».

Қалаға жақын орналасқандықтан,бұл ауылға қоныс аударушылардың қатары да жыл озған сайын көбейе түсуде.Байланысты қамтамасыз етушілер абоненттерді түгел қамтып үлгере алмай отыр. Ал облыс бойынша елдімекендерді ұялы байланыспен қамту мәселесі жоспарлы түрде шешілмек.

БАУЫРЖАН РАҚЫПОВ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:«2024-2027 жылдар аралығында еліміздегі 3-4 оператор 115-ке тарта елдімекенде өз интернет желілерін модернизациялау жұмыстарын бастайды. Ол да біздің басқармамен келісіліп, қазір ауылдарды анықтау үстіндеміз».

Бүгінде облыс тұрғындарының 80 проценттен астамы интернет желісімен қамтамасыз етілген. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында алдағы үш жылда 250-ге жуық елдімекенге сапалы ғаламтор желісі тартылмақ.