Ақмола облысында кене инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Жыл сайын өңір аумағында бұл аурудың тіркелуі жиілеген. Былтыр 7 адамды кене шаққан. Сандықтау ауданының 3 тұрғынынан кене энцефалиті табылды. 4 адам боррелиоз індетіне шалдыққан.  

Жаз шығысымен кене энцефалитіне шалдығудың 5 жағдайы тіркелді. Оның үшеуі Сандықтау ауданының тұрғыны. Ал, қалған екі жағдай Бурабай және Зеренді ауданында орын алды.  

СЕРІК ОМАРХАНОВ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Кене энцефалитіне шалдыққан күдікті бес тұрғынның 80 проценті екпе алмаған. Ереже бойынша кене инфекциясына қарсы екпені инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары аймақтарда орналасқан елдімекендердің тұрғындары алуы керек. 2010 жылдан бастап қауіпті аймақтарға Сандықтау ауданы енгізілді. Кене жәндігін заласыздандыру мақсатында республикалық қазынадан жыл сайын қаражат бөлінеді. Сандықтау аймағында 100 гектар жерде заласыздандыру жұмыстары жүргізіледі». 

Кене шаққан 260-тан астам өңір тұрғыны медициналық көмекке жүгінді. Оның 70-ке жуығы 14 жасқа толмаған балалар. Десе де, бұл көрсеткіш былтырғыға қарағанда 1,5 есе төмен. Мамандардың дерегі бойынша тек соңғы аптада кене инфекциясына күдікті 3 жағдай тіркелген.

СЕРІК ОМАРХАНОВ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «3 жағдайдың екеуі кене энцефалитін жұқтырған. Кене энцефалитін жұқтырмаған жалғыз адам Сандықтау ауданының тұрғыны. Ол кене инфекциясына қарсы екпе алған. Лабораториялық зерттеуден кейін оның инфекция жұқтырмағаны анықталды». 

Биыл кене энцефалитіне қарсы 540 доза вакцина сатып алынды. Иммундау курсын 350-ден астам  адам алды. Облыс бойынша жергілікті атқарушы органдардың бюджетінен алдын алу  жұмыстарына 47 миллион теңгеден астам қаражат бөлген.