Ақмола облысыда малымен күнелткен ауылдарда қыстың қытымыр аязында үлкен жұт болып жатыр. Жем-шөп таусылып, далада қардың беті жаппай шыңылтыр мұз құрсанып жылқылар тебіндей алмай толықтай қолға қараған.

Жыл жылқы үшін қиын болды. Ақмола облысы, Зеренді ауданында азықтың жоқтығынан далада биелер аштықтан құлап жатыр. Жем-шөп бағасы қымбат, мал саны күрт азайып кетті. Амантай Байдалин Қонысбай ауылының тұрғыны. Биыл ол 4 бас жылқысын қорада ұстап, бағуға мәжбүр. Биелер құлын тастап, жүдеу болып көтерем болғандары шетінен өліп жатыр.

АМАНТАЙ БАЙДАЛИН АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Мен 60-қа келдім. Бұған дейін жылқы қолға келген емес. Жабағыларды алатынбы.Әлі ақпан айы бар нағыз борандар, сосын ұзын сары бар март. 15 сәуірге дейін мал шығатын түрі жоқ».

БЕКАЙДАР БЕКЕНОВ  АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Биыл күзде жауын көп болды, мұз қатты, көктайғақ болды. Одан кейін қалың қар жауды. Мынау жылқының жағдайы өте нашар болып тұр. Өлгені өліп жатыр.Үлкен биелер өзін сақтап қалу үшін инстинкт самосохранение дейді. Құлындарынан құтылады, тастайды өзі тірі қалу үшін. Биыл малдарда төл жоқ. 40-46 градус аяз болды. Біз мемлекеттен көмек сұраймыз, жылқы ұстау үшін көмек керек».

Көрші Дөңгілағаш ауылындағы да жағдай осы. Жылқының бағасынан азығы қымбат, сол себепті мал санын азайтуға мәжбүрміз,- дейді ауыл тұрғындары. 

ЖАНАТ АТЫМТАЕВ ДӨҢГІЛАҒАШ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Корм жоқ, мына рулон сабанды 15 мыңнан алдым. Доставкасы 15 мың. жазда дайындаған бітті міне, күйі енді құлайды. Күнде көтереміз, қабырғалары көрініп тұр. Далада загонда бір басымыз құлап жатыр, 5-6 жігіт барып көтердік кеше бие тұра алмайды».

Жанат айтқан биені көруге бізде бардық. Ашығып құлаған мал, сол күйі арам қатқан. Көтерем болып, көктемге жетпей құлап жатқан мал көп,- дейді дөңгілағаштықтар.

ҚАСЫМ ИТҚҰСОВ  АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Біз жағдайға монторинг жасап отырмыз, мәселені білеміз. Ақкөл, Астрахан, Атбасар, Зеренді Бурабай, Аршалы аудандарында мұндай жағдайдың бар екені ескертілді. Зеренді аудандық әкімшілігі аудан тұрғындарына сабан жеткізіп бергендерін айтты. Және ағаш бауырларындағы қарды жұқарту бағытында жұмыстар атқарылады».

Көктемге жете алмай құлап жатқан жылқылардың мәселесін ауыл тұрғындарының өздері шеше алмайтыны анық. Төніп тұрған қауіптің алдын алу үшін Үкімет деңгейінде  шаралар қажет,- дейді ауыл тұрғындары.