Ақмола облысының орталығындағы Сағдиев пен Сабатаев көшесінің бойындағы жылу құбыры жарылып, көпқабатты 15-ке жуық тұрғын үй мен 40-тан астам жекеменшік сектор жылусыз қалды. Апат кеше кешкісін орын алды.
Жексенбінің кеші көкшетаулықтарды әбден әбігерге салды. Ойламаған жерден жылусыз қалған қала тұрғындары күн-түн демей құзырлы органдарға хабарласқан. Әсіресе, қариялар мен балаларға қиын. Қазір шаһарда күн суытып, ауа температурасы 38 градус аязды көрсетіп тұр.
АНАСТАСИЯ ЛЮТОВА ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Кеше кешкісін пәтердегі батареялар жылымшы ғана болса, қазір мүлдем сұп-суық. Кешеден бері жылу жоқ, өте суық. Тоңып қалдық».
Зақымданған аумақты қалыпқа келтіруге «Көкшетау жылу» мекмесінің 30-ға жуық жұмысшысы мен 7 техникасы жұмылдырылды.
ЕРЖІГІТ ТҰНҒАТАРОВ «КӨКШЕТАУ ЖЫЛУ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ МЕКЕМЕСІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Қазіргі таңда жылу құбырының ақауы толық жөнделді. Көпқабатты үйлер толық жылуға қосылды. 42 жекеменшік үй болған, соның 15-не жылу берілді. Қалғандарына қосу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз».
Үйлерге жылу берілді деген аты ғана. Пәтерлер әлі де салқын. Көкшетауда жылу құбырларының 47 проценті тозған. Келер жылы жылу магистральдарын жаңарту жұмыстары қолға алынады деп жоспарланып отыр.